Ақмола облыстық прокуратурасының жүргізген тексерісі барысында аудандардың бірінде мемлекеттік мекеме басшысының екі жыл бойы жетім балаға бөлінген пәтерде тұрып келгені белгілі болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Қадағалаушы органның тексерісі нәтижесінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй алу құқығы жиі бұзылатыны әшкере болды. Заңға сәйкес, жетім балаларға баспана беру кезінде ерекше басымдық беріледі. Алайда Көкшетауда бір жетім баланың өтініші негізсіз кері қайтарылып, тұрғын үй алу кезегіне қойылмағаны анықталған.
«Жүргізілген тексерістің нәтижесінде 42 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың тұрғын үй алу құқықтары қалпына келтірілді», – деді Ақмола облысы прокурорының көмекшісі Мақсат Сұрағанов.
Оның айтуынша, заңсыз пайдаланылған пәтерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, кезектен шығарылған балалар қайта тіркеуге алынды. Сондай-ақ тұрғын үй алуға арналған өтініштердің негізсіз қабылданбауы секілді өзге де заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар жүзеге асырылған.