Бүгін Алматы қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Бірыңғай уақыт белдеуі: ғылыми аспектілері» тақырыбында дөңгелек үстел өтуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс-шара барысында сарапшылар уақыт белдеулерінің адам денсаулығына әсері туралы баяндады. Сондай-ақ биологиялық ырғақтарға бейімделу бойынша ғылыми әдістер мен ұсыныстарды ұсынды.
Дөңгелек үстелге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, жоғары оқуорындарының басшылығы мен ҒЗИ өкілдері, медицина жәнепсихология саласындағы қазақстандық мамандар, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау және мемлекеттік реттеу саласындағы сарапшылары қатысты.
Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыптары Қазақстан халқының денсаулығына уақыт белдеулерінің әсері, оларға бейімделу үшін практикалық ұсыныстар және еліміздегі уақыт саясатын өзгерту перспективалары болды.
Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі.
«Астрономиялық циклдар біздің өмірімізді анықтайды. Біз күн тәртібін табиғи биологиялық ырғақтарға сәйкестендірген сайын ол соғұрлым сапалы болады. Ұйқыдан ерте тұру күннің бірінші жартысында маңызды нәрсенің бәрін орындауға үлгеріп қана қоймай, отбасы мен демалуға көбірек уақыт қалдыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу, Саясат Нұрбектің айтуынша, өмірді табиғи ырғақтарға сәйкес ұйымдастыруға көмектеседі, бұл денсаулыққа, өнімділікке және жалпы әл-ауқатқа оң әсер етеді. Бұл үйлесімділікке жасалған қадам ғана емес, сонымен қатар әркімнің өмір сүру сапасын жақсартудың нақты мүмкіндігі.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның 5-ші уақыт белдеуіне көшуінің артықшылықтарын айтқан болатын. Ол UTC+5 уақыт белдеуі ел халқының 76 пайыздан астамы (15 миллион 240 мың адам) кіретін Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қосқанда, 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықты қамтитынын айтты.
Премьер-министр Олжас Бектенов неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырды.