Қазақстанда ипотекалық несиелердің мөлшерлемесі әлдеқайда төмен болуы тиіс – Әбілқасымова

Қаракөз Амантай 05 нояб. 2025 16:45

Қазақстанда ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі айтарлықтай төмендеуі қажет. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Агенттіктің ұстанымы – ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 20%-дан аспауы керек. Тіпті 20% - бұл өте жоғары көрсеткіш. Мұндай мөлшерлеме қарыз алушылар үшін үлкен қаржылық салмақ пен артық төлем тудырады. Біз мөлшерлеме бұдан да төмен болуы тиіс деп санаймыз. Алайда қазіргі кезде инфляциямен күрес жүріп жатқандықтан, базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде сақталып отыр. Сол себепті ипотека мөлшерлемесін 20%-ға дейін төмендету кейінге қалдырылды", — деді Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, агенттік ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені саралау тетігін енгізуді жоспарлап отыр.

"Мысалы, егер бастапқы жарна жоғары болса, шамамен 70% көлемінде, онда пайыздық мөлшерлеме төмен болуы мүмкін. Ал егер бастапқы жарна 30%-дан аз болса, онда мөлшерлеме жоғары болуы керек. Бұл адамдарды жауапкершілікпен қарыз алуға ынталандырады", - деп түсіндірді агенттік басшысы.

Сонымен қатар Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, агенттік "Отбасы банк" үлгісіндегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін екінші деңгейлі банктерге де таратуды ұсынуда.

"Яғни, азаматтар белгілі бір уақыт ішінде банкте төмен пайызбен депозитте қаражат жинап, белгілі бір мөлшерге, мысалы, 50%-ға дейін  жеткен соң, төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотека алу мүмкіндігіне ие бола алады. Кейбір банктер мұндай тұрғын үй жинақ депозиттерін енгізуге дайын екенін білдіріп отыр", - деді Әбілқасымова.


Рекомендовать
Последние новости