Қазақстанда көлік бағасы да көтеріліп кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Биыл маусымда Қазақстанда жеңіл көліктердің бағасы былтырмен салыстырғанда 11,6 пайызға өскен. Бұл - Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері ішіндегі ең жоғары өсім. Мәселен одақ елдерінде орташа баға өсімі бар болғаны 2,2 пайыз болған. Бұл жөнінде Data Hub мәлімдеді.
Салыстыру үшін Армения мен Беларусьте көлік бағасы төмендеген, ал Қырғызстан мен Ресейде өсім айтарлықтай болмаған, сәйкесінше 0,2 және 1,4 пайыз ғана.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында көлік бағасы тек Қазақстан мен Ресейде өскен: Қазақстанда 9,3 пайызға, Ресейде 2,8 пайызға.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде көлік бағасының айтарлықтай өсуіне жаңа көліктің қымбаттауы себеп болған. Жаңа көліктердің бағасы маусымдағы жылдық есеп бойынша 21,3 пайызға көтерілген. Ал керісінше қолданыстағы ескі көліктердің бағасы төмендегені байқалған.
1 маусымдағы мәлімет бойынша Қазақстанда тіркелген көліктердің жалпы саны 6,3 миллионға жеткен.