Вице-премьер Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына берген жауабында педагог кадрлардың сапасын арттыру үшін қолға алынған шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоғары білім сапасын жақсартып, оны халықаралық білім кеңістігімен үйлестіру мақсатында жаңа қаржыландыру моделі әзірленіп жатыр.
Бұл модель бірнеше негізгі бағытты қамтиды:
- ҰБТ-ның шекті балын көтеру;
- Шетелдік үздік университеттерді тарту;
- Білім гранттарын саралап беру;
- Ұлттық рейтинг жүйесін енгізу;
- Мемлекеттік білім беру тапсырысын оқу сапасына қарай бөлу.
Аталған өзгерістерді жүзеге асыру үшін қажетті заңнамалық түзетулер 2024 жылдың 30 желтоқсанында Мәжіліс қарауына ұсынылған.
Сонымен қатар Жұманғариннің айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігіне Оқу-ағарту министрлігі және Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп бірнеше мәселені пысықтау тапсырылған. Атап айтқанда:
- Бірыңғай төменгі шекті балды белгілеу;
- Шетелдік жоғары оқу орындарынан ауысып келу және қабылдау тәртібі;
- Педагогикалық мамандықтарға түсетіндер үшін қосымша емтихан енгізу мәселелері қаралуы тиіс.
Бұл бастамалар кадрларға деген сұранысты дұрыс болжау, мемлекеттік тапсырысты жоспарлау, оны тиімді бөлу және түлектерді жұмыспен қамту жүйесіне сай жүргізілуі керек екені де атап өтілген.