Қазақстанда балалар онкогематологиясы дамуда: бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 70%-дан асты

Ақтоты Жапатова 08 сент. 2025 19:19

Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша онкогематологиялық аурулар кезінде мамандандырылған көмекті қоса алғанда, балалар денсаулығын дамытуға бағытталған ауқымды бастамалар іске асырылуда,- деп хабарлайды Dalanews.kz

🔹Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспардың шеңберінде балалар онкогематологиясын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Материалдық-техникалық базаны нығайтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсартуға, балаларға арналған ұлттық онкогематологиялық орталық құруға ерекше көңіл бөлінеді.

🔹Елімізде диагностика мен емдеудің заманауи әдістері енгізілді: иммуногистохимия, иммунофенотиптеу, онкомаркерлерді анықтау, сүйектер мен жұмсақ тіндердің саркомаларында жоғары дозалы химиотерапия, сондай-ақ 3D-модельдеу технологиялары мен «өсіп келе жатқан» эндопротездерді қолдана отырып ағза сақтайтын операциялар.

Нәтижелер мен жетістіктер:

● жыл сайын 556 төсек базасында 5 мыңға жуық бала ем алады;
● 2013 жылдан бастап 529 гемопоэздік дің жасушасын трансплантаттау жасалды;
● көз торының ісіктері үшін 90-нан астам селективті интраартериялық химиотерапия операциясы жасалды;
● жылына сүйек кемігін трансплантаттаудың 70-
дан астамы және сүйек ісіктері кезінде буындарды эндопротездеудің 15-ы жүргізіледі;
● онкогематологиялық патологиясы бар балалардың 5 жылдық өмір сүру деңгейі 70%-ға жетеді, бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.

Озық технологияларды енгізудің арқасында балалардың шетелге емделуге жіберілу саны екі есеге қысқарды. Егер 2019 жылы шетелде 36 технология түрі бойынша көмек көрсетілсе, бүгінде – тек 19.

Бірақ бала мен отбасын қолдау терапия курсының аяқталуымен аяқталмайды. Қазақстанда операциялар мен трансплантаттаулардан кейін толыққанды өмірге оралуға мүмкіндік беретін оңалту бағдарламалары дамуда. Балаларға паллиативтік көмек көрсету үшін нормативтік-құқықтық база қалыптастырылуда.

Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, олардың ішінде Орталық Азиядағы Ұлттық онкология орталығының базасында балаларды емдеуге арналған жалғыз Протон орталығы, «UMC» КҚ-да 350 төсектік балалар хирургиясы корпусы салынуда, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жанынан 500 төсекке есептелген республикалық педиатриялық клиниканың, оның ішінде 200 төсекке арналған балалар онкологиясы мен гематологиясы орталығының құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Жалпы, республикалық клиниканың құрылысы педиатрияның негізгі бағыттарын бірыңғай заманауи кешенде біріктіруге, медициналық көмектің сапасын және мамандандырылған қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, жоғары білікті кадрларды даярлау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Заманауи орталықтар құру, шетелдік емдеуге тәуелділікті азайту, жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру – өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау және онкогематологиялық аурулары бар балалардың өмір сүру сапасын арттыру сияқты стратегиялық міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді.

Бүгінде Қазақстанда шамамен 7 млн бала тұрады - бұл ел халқының үштен бірі. Балаларға медициналық көмекті қаржыландыру: 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін екі еседен астам ұлғайтылды.


Рекомендовать
Последние новости