Экстрабилити:Астанада рух пен ерік салтанаты

Dalanews 06 сент. 2025 17:14

Ағымдағы жылдың 6 қыркүйегінде Астана қаласында «Паруса духа» жобасы аясында «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының қолдауымен «Белая Трость» автономды коммерциялық емес ұйымы жүзеге асыратын «Экстрабилити күндері» атты халықаралық әлеуметтік спорттық іс шара өтті.

Бұл жай ғана спорттық сайыс емес, бұл-адам жанының беріктігі мен шексіз мүмкіндіктерін паш ететін ерекше жоба.

Әлемнің түкпір-түкпірінен,мәселен, Түркия,Қырғызстан, Ресей, Латвия және т.б. елдерден келген қатысушылар бас қалада бас қосып, нағыз ерік жігердің,сенім мен табандылықтың үлгісін көрсетті.

«Паруса духа» жобасының жетекшісі және авторы, «Экстрабилити» идеясының авторы Олег Калпащиковтың айтуы бойынша : «Паруса духа» жобасы 2011 жылдан бері әлемнің түрлі елдерінде: Қазақстанда, Түркияда,Қырғызстанда, Арменияда, Ресейде және т.б. мемлекеттерде табысты жүзеге асырылып келеді. Жоба- қатысушылардың шынайы бірлігін, өзара түсіністігі мен қолдауын нығайтуды мақсат етеді. Әртүрлі елдер мен мәдениеттер өкілдері бір алаңда бас қосып, тек жарысып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасады.Сонымен қатар,бұл жоба жасырын таланттар мен қабілеттердің ашылуына көмектеседі».

Бағдарлама аясында елорданың жағалауында қонақтарды ерекше мазмұнға толы үлкен іс шара күтіп тұрды.Шара барысында инклюзивті регата, сезім қабілетін дамытуға арналған шеберлік сабақтар, сондай ақ катамаран бортында өткен гала концерт ұйымдастырылды.Бұл жоба өмірлік тәжірибесі әртүрлі адамдарды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды да,спорт,мәдениет және білім арқылы бір арнаға тоғыстырған маңызды шара.

Айта кететін болсақ, Қазақстанда бұл жоба үшінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. «Экстрабилити күндері»- бұл мүмкіндігі шектеулі емес, мүмкіндігі ерекше жандардың мерекесі. Бұл күндері Астана тек спорт алаңына емес, жүректерге үміт пен шабыт сыйлайтын рухани кеңістікке айналды.

Рухтың парусы көтерілгенде,ешбір кедергі жоқ. Себебі адам рухы-ең қуатты қозғалтқыш.Ал «Экстрабилити күндері» -соның жарқын дәлелі.


Рекомендовать
Последние новости