Қазақстанда 800 мыңға жуық киік аулануы мүмкін

Қаракөз Амантай 25 июн. 2025 11:06

Қазақстанда 800 мыңға жуық ақбөкен аулануы мүмкін. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Ғылыми негіздемеге сәйкес, бүгінгі таңда бүкіл популяцияның 20 пайызын табиғи ортадан алу ұсынылып отыр. Көктемгі есеп қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ақбөкен саны ресми түрде 3,9 миллионға жетті. Оның ішінде 2,3 миллионы – Орал популяциясына, 1,6 миллионы – Бетпақдала популяциясына, ал 78 мыңы – Үстірт популяциясына тиесілі. Жалпы алғанда, біз 4 миллионға жуық, нақтырақ айтсақ, 3 млн 978 мың деп есептейміз. Осыған сәйкес 800 мың ақбөкенді ату көзделіп отыр”, — деді министр.

Министрдің айтуынша, жануарлардың жынысы мен жасы да нақты белгіленген.

40% – аталықтар, 40% – аналықтар, 20% – биыл туған төлі. Яғни, қазіргі таңда бізде барлық есеп, параметрлер нақтыланған. Өткен аптада ғылыми негіздемені ресми түрде алдық. Бүгін ұйымдастырушылық мәселелерді талқыладық. Бір-екі күн ішінде шешімімізді ресми түрде жариялаймыз”, — деді Ерлан Нысанбаев.

Сондай-ақ министр ақбөкен етін өңдеуге арналған жеке ет комбинаты салынуы мүмкін екенін айтты.

“Мұншама көлемде жануар алынса, етін өңдеу мәселесі өте маңызды болмақ. Сондықтан бүгінгі таңда біз жергілікті құрылымдармен бірлесіп, ақбөкен етін қайта өңдейтін ет комбинаттарын салу бойынша инвестициялық жобаларды пысықтап жатырмыз. Қазіргі таңда бұл бастамаға алтыға жуық компания қызығушылық білдірді”, — деді ол.


Рекомендовать
Последние новости