Қазақстанда 2040 жылға дейін ортаазиялық тасбақаны (Testudo horsfieldii) аулауға және оның барлық өнімін сатуға немесе пайдалануға тыйым салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, шешім ғылыми деректер мен популяцияны мониторингтеу нәтижелеріне негізделген. Аталған түр осал жануар ретінде танылып, Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне және CITES конвенциясының II қосымшасына енгізілген. Бұл тасбақаға қатысты қорғау шараларын күшейтуді талап етеді.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, аталған шара табиғи популяцияға түсетін жүктемені азайтып, биоалуантүрлілікті сақтауға мүмкіндік береді. Тасбақаны заңсыз аулау немесе айналымға енгізу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Яғни, 3000 АЕК-ке дейін айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлік тәркіленуі мүмкін.
