Қазақстан уыстан шығып барады. Назарбаевтың Мәскеу сапары тегін емес - ресейлік БАҚ 

Dalanews 30 июн. 2021 04:51 926

Назарбаевтың Мәскеу сапары қарсаңында ресейлік масс-медианың паранойясы қозып, одақтасының өне-бойынан сатқындық белгілерін іздеуге көшті деп хабарлайды Dalanews.kz.   

Кремль пропаганда құралдарының тұспалдауынша Назарбаевтың Мәскеуге келісінде Қазақстанның соңғы уақыттағы “түсініксіз” шешімдері сөз болмақ. 

Айталық, өткен тарихқа келгенде Путин ұсынған позицияны өлгенше қорғайтын федералды БАҚ: 

"Мәскеу қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында арнайылап құрылған мемкомиссияның түпкі мақсаты – Кремльге күйе жағу деп түсінеді. Мемкомиссияның Түркістан легионын ақтауға қатысты мәлімдемесі құлаққа түрпідей тиді. Назарбаевтың келісінде осы мәселе егжей-тегжейі сөз болады”, – деген болжам жасапты. 



Назарбаев пен Путиннің жүздесуі бүгінге жоспарланған. Кездесуде қандай мәселелері сөз болары әзірге белгісіз.

Ресейлік масс-медиа Кремльдің кулуарынан жеткен пыш-пыш әңгімені одан әрмен қаулатып, “бұл жолғы кездесудің ауаны бөлек, Назарбаевтың көңілі алаң…”, деген сыңайда сөйлепті.

 “Бұл жолы Ресей бізге бауырлас ел деген сықпыттағы сөз айтылмайды. Одақтас елдердің арасынан ала мысық жүгіріп өткен сыңайлы. Қазақстанның әр жүрісін аңдып басатын сақ саясаты шын мәнісінде Ресейден алыстай түсудің амалы. Көпвекторлы саясат - көзалдау. 

Ақ Орда алдымен кириллицадан бас тартты. Артынша қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы мемкомиссияны құрып тастады. Вермахтың қатарында Қызыл армияға қарсы күрескен Түркістан легионын ақтау туралы мәселе көтерді.


Мұның бәрі Мәскеудің көңіліне тиерін есепке алмады. Путин өткен тарихты бұрмалайтындарды кешірмейді…”, – дейді Octagon-Media. 

Мақала авторының айтуына қарағанда Қазақстан кез-келген жағдайда Кремльмен кеңесу керек екен, Кремльдің қас-қабағын бағып, аузынан шыққан әр сөзді аңдып отыруға міндетті екен. 

Автордың пайымдауынша, Қазақстанда күн өткен сайын русофобтық көңіл-күй күшейіп келеді, ұлтшылдар ұлттық саясатқа араласа бастаған. Ал мұны соңы Украина сценарийіне ұласуы мүмкін. 

Сөй деген Octagon-Media Солтүстік Қазақстанды сөз етіп, Кремльдің мұндағы орыстілді аудиторияға алаңдаулы екенін жеткізуге асығыпты. 

Ахуал “асқынар” болса Кремльдің Донбасстағы сценарийді жүзеге асырып, орыстілді азаматтарға Ресей төлқұжатын таратуға мәжбүр боларын айтып сандырақтаған екен.  

 “Бұл аймақта орыстардың үлесі басым. Олар Қазақстанның АҚШ-тан алшақ жүргенін қалайды. Бірақ одақтасымыз бұл аудиторияның талап-тілегін елеп-ескерер емес. 

Түнеукүні америка басылымына сұхбат берген Мұхтар Тілеубердінің (Қазақстанның сыртқы істер министрі) сыңайына қарасақ, одақтасымыз Батыстың бауырына кіруге құлшынып жүр. Соңғы кездері Батысшыл, АҚШ-шыл контент көбейіп кетті. Назарбаевтың Мәскеу сапарында осы мәселе де сөз болады”, – дейді Octagon-Media.  



Ресейлік пропаганда құралдарының көзіне шалынған сұхбат АҚШ-тың Newsweek журналында жарияланған-тұғын.  

Мақала Қазақстандағы қостілді аудиторияның назарынан қалыс қалғанмен, Кремльдің үгіт-насихаты сұхбаттың астарынан Ресейден іргені аулақ салуға тырысатын саясатты аңдаған сынды. 

Сонда Тілеуберді не деді? 

Сыртқы істер министрі біздің елдің демократияға адалдық сақтарын, АҚШ-пен әріптестікті арттыра түсуге мүдделі екенін, осы мақсатта саяси реформа жүргізуді жалғастыра түсерін айтқан. 

“Алайда, – деген еді Тілеуберді. Мұндай саясатты сақтықпен жүргізу керек. "Үй өзімдікі демеңіз, үй сыртында кісі барын" ұмытпағайсыздар. Іргелес отырған елдердің ерекшелегін де ескеру керек. Қазіргі геосаяси жағдай әр қадамыңды жеті рет өлшеп, бір рет кесуді талап етеді”.

Ресейдің пропаганда құралдарына Тілеубердінің бүкпесіз сөйлегені ұнамай қалса керек.

 Мақаланың түп өзегіне үңілген Кремль идеологтары: “Тілеуберді Қазақстандағы демократияның кенжелеп қалуына Мәскеуде кінәлап отыр”, – дейді. 

Путин мен Назарбаевтың бүгінгі кездесуінде ілгеріде жайттар сөз болса да, оның оқырманға жетпесі, аудиторияға ашық айтылмасы анық.


Ал мұндай контенттің Қазақстанның кеңістігін емін-еркін кезіп жүргені отандық ақпараттық нарықтың бақылаусыз, ашық-шашық жатқанын аңғартса керек. 

Ресейдің Қазақстандағы орыстілді аудиторияны пайдаланып, біздің билікті бопсалауға тырысуы бұл бір емес. Алдағы уақытта мұндай арандатулар күрт көбеймесе, азаймайды. 

Ақпарат министрлігінің бұған қатысты не білгені бар? Кремль идеологтарының провокациясына қалай жауап қатпақ?!..

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости