Астанада ҚР Туризм және спорт министрлігінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кездесу барысында 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына ұлттық құраманың дайындығы мәселесін талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Ресми дерекке сәйкес, Қазақстан Олимпиадаға спорттың 10 түрі бойынша қатысуды көздеп отыр. Жалпы саны 35-ке жуық спортшы іріктелуі мүмкін. Қазіргі уақытта мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру бағыттары бойынша 23 жолдама бар.
Жиын барысында Туризм және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев дайындық жұмыстарына жұмсалған қаражат көлеміне тоқталды. Оның мәлімдеуінше, 2025 жылы қысқы Олимпиадаға әзірлік үшін 13,2 млрд теңге бағытталған. Аталған соманың 585 млн теңгесі спорт федерацияларының қаражаты болса, 5,3 млрд теңге республикалық бюджеттен, 6,2 млрд теңге жергілікті бюджеттерден бөлінген. Ал Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры 812,5 млн теңге көлемінде қаржы бөлген.
Сондай-ақ, Олимпиада ойындарының ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Денис Никиша мен Яна Хан алып шығатыны хабарланды.
