Ақмола облысында трактор қағып кеткен жұмысшы көз жұмды

Ақтоты Жапатова 27 дек. 2025 13:31

Ақмола облысы Жақсы ауданына қарасты Подгорное ауылындағы мал шаруашылығы қожалығының аумағында қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz "sinegor.kz"- ке сілтеме жасап.

Алдын ала ақпарат бойынша, 25 желтоқсан күні трактор жүргізушісі кәсіпорында еңбек етіп жүрген 56 жастағы жұмысшыны қағып кеткен. Ауыр жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Аталған дерек бойынша адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиға фактісімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Ақмола облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, жазатайым оқиға туралы хабарлама жұмыс берушіден 26 желтоқсанда келіп түскен. Осыған байланысты арнайы бұйрық шығарылып, тергеу комиссиясы құрылған.

Өңірлік полиция ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорын басшылары мен қызметкерлерін еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе арнайы техниканың техникалық жағдайына, ескерту дабылдарының жұмыс істеуіне және өндірістік аумақта қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге баса назар аудару қажеттігі айтылды.


Рекомендовать
Последние новости