Дүйсенбіде қор биржасындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша теңгеге шаққанда 1 АҚШ доллары 513,39 теңгені құрап, бағамы 2,65 теңгеге арзандады. Сарапшылар ұлттық валютаның бұлайша нығаюына ішкі факторлармен қатар сыртқы жағдайлар да жеткілікті қолайлы болғанын айтады. Атап айтқанда, мұнай бағасының өсуі және рубльдің нығаюы, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ұлттық валютаға деген сұраныстың артуы АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда келіссөздері аясында геосаяси шиеленістің төмендеуімен де байланысты болуы мүмкін, бұл жаһандық нарықтық сегменттердегі ауанның жақсаруына ықпал етті және дамушы нарықтар активтерінің, оның ішінде теңгенің тартымдылығын күшейтті", - дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы.
Дүйсенбіде ақша нарығының кірістілігі валюта нарығының салыстырмалы тұрақтылығы аясында төмендеді. Мәселен, TONIA-ның мөлшерлемесі 15,81%-дан 15,62% - ға дейін, ал SWAP-1D мөлшерлемесі 12,32% -дан 11,74%-ға дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 537,44 млрд теңгеге (+54,43 млрд теңге) дейін өсті.
Ал бұл кезде Ұлттық банктің депозиттік аукциондағы сұраныс көлемі 2,6 трлн теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін төмендеді. Аукциондағы сұраныс жылдық 16,5% мөлшерлемесімен толығымен қанағаттандырылды. Дегенмен Ұлттық Банк операциялары бойынша ашық позиция 7,6 трлн теңге деңгейінде сақталды.
Kaspi акциялары KASE индексі өсімін тежеді
KASE қор нарығының индексі осы аптаны 0,09% деңгейіндегі қалыпты өсіммен бастады, сөйтіп аптадағы алғашқы күнді 5 718,30 тармақ белгісімен жапты. Мұндағы сауда-саттық құбылмалылықтың жоғарылауымен қатар жүрді: күндізгі диапазон 5 701,70-тен 5 748,74 пунктке дейінгі аралықты қамтыды. Индекске оң қолдау көрсеткен жекелеген эмитенттердің акциялары болды, атап айтқанда, Air Astana-ның бағалы қағаздары 2,3%-ға, ал Халық банкінің акциялары 1,8%-ға өсті. Алайда Kaspi акциялары индекс өсімін тежеп, 1,6%-ға төмендеді. Сауда-саттық көлемі айтарлықтай өсті, яғни алдыңғы сессиямен салыстырғанда 2,5 есе артты, бұл нарық қатысушыларының инвестициялық белсенділігінің арта түскенін байқатады.
АҚШ пен Қытай келіссөздер жүргізіп, баж тарифтері бойынша 90 күнге бейбіт ымыраға келгеннен кейін мұнай бағасы 1,6%-ға өсіп, оның бір баррелі 65,0 доллар болды. Алайда бұл өсім Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздері мен Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс төңірегіндегі дүдамал жағдайға байланысты тежелді. Өйткені бұл факторлар бағаларға қысым жасай отырып, санкцияларды жеңілдету немесе мүлде алып тастауға әкелуі мүмкін.
Мұнай бағасы ары қарай жоғарылай береді ме?
"Нарықта бағаның өсуіне де және тежелуіне де ықпал ететін көптеген фактор бар. Алдын ала бағалау бойынша, Қытаймен арадағы сауда соғысының ушықпауы бір баррель мұнайдың бағасына түсетін шамамен 5 доллар сипатындағы қысымның күшін жойды. Бағаға қатысты қосымша қысым жақын күндері президент Трамптың Таяу Шығысқа сапары аясында туындауы мүмкін болады. Сарапшылардың пікірінше, алдында өзіне мұнай бағасының төмендеуіне жәрдемдесу туралы өтініш білдірген араб елдері Трампты жылы қарсы алады деп күтілуде. Бұл мемлекеттер өндірісті біртіндеп ұлғайту жоспарларын жариялап та үлгерді, бұл нарық динамикасына да әсер етуі мүмкін", - дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы.
Бұған дейін сайтымызда "Мұнай дәуірінің ақыры: Қазақстан үшін жаңа экономикалық кезең басталды ма" деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Мақалада экономист Алмас Чукин бағасы жағынан мұнай бұрынғы тартымдылығынан айырыла бастағанына баса назар аудартып, біздің мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқанын мойындау керектігімізді, экономиканы тез арада әртараптандыруға көшуімізді ұсынады.