"Есебіңізде бәрі жайма шуақ, бірақ өмірде олай емес". Депутат Саиров министр Нұржігітовке шүйлікті

Сағыныш Сардарова 12 мая 2025 13:18 1938

Үкімет сағатында Мәжіліс депутаттары су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке шүйлікті. Министр депутаттарға неге жақпай қалды? Dalanews.kz тарқатады.

"Қашанға дейін бюджеттің ақшасын құмға сіңгізіп отырамыз?"

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке сауал жолдады. Оның айтуынша, еліміздің аудандарында су жетіспейді, әлі күнге дейін шетелден үлкен қаражатқа су сатып алып отырмыз.

"Сіздің есебіңізде Қазақстандағы су мәселесінің жағдайы өте жақсы, жайма шуақ, бірақ өмірде олай емес қой. Қазір Қазақстанның қай аймағы болса да, шығыс, батыс, оңтүстік - қай жағында да су жетіспеушілігі бар. Мен сізге бір-ақ мысал келтірейін. Мысал үшін Батыс Қазақстан облысында Казталов ауданында суды Ресейден алып отыр. ҚазСушар жылына 5 млрд теңге беріп, Ресейден су алады.

Бірақ сол су келеді де, Жалпақталдан өтіп, әрі қарай құмға сіңіп кетеді. Сонда жылына бюджеттің 5 млрд теңгесін құмға сіңгізіп отырмыз. Жалпақталда су қоймасын салу жобасы осыдан он жыл бұрын басталған, әлі аяқталған жоқ. Осы мәселені қашан шешесіздер? Біз қашанға дейін бюджеттің ақшасын құмға сіңгізіп отырамыз?" - деді ол.

Сонымен қатар, депутат суды заңсыз пайдалану мәселесін көтерді.

"Оңтүстіктегі ең маңызды мәселе - суды заңсыз пайдалану. Ол да Қазсушардың менеджментіне байланысты. Қазсушар жергілікті азаматтарға суды өздерінің парқымен заңсыз береді деген ақпарат бар. Осы мәселені қашан жоясыздар? Жылына су ресурстарының қырық пайызы заңсыз кетеді екен... Әлі күнге дейін қолымызда бар суды үнемдеу механизмін жасаған жоқсыздар", - деп ашынды Саиров.

"Ресейден алып отырғанымыз рас"

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов депутаттың айтқаны рас екенін, дегенмен алдағы уақытта БҚО-да екі су қоймасы салынатынын, ал қазір Ресеймен жылда келісімшартқа отыратындарын айтты. Министрдің сөзінше, себебі оның басқа шешу жолы жоқ. 

"Ертең екі су қоймасын соғамыз. Сыйымдылығы - 50-60 млн текше метр. Ал біз жылына Ресейден 350 млн текше метр алып жатырмыз. Бұл жалғасын табады. Себебі сол жерде отырған елді сумен қамтамасыз етуіміз керек. Су жерге кеткенімен Батыс Қазақстанның жеріне кетіп жатыр, жалпы экологияға бәрібір әсерін береді. Сондықтан бекер қаражат бөліп отырмыз деп айта алмаймыз", - деді шенеунік.

Министр заңсыз су сату дерегі барын да мойындады.

"Айтқаныңыз рас. Бүкіл республика көлемінде Қазсушар-мен келісімшарт жасамай, су алу мәселелері бар. Қалай шешіп жатырмыз? Келісімшарттарды электрон түрге көшіріп жатырмыз. Одан бөлек өзіміздің ақпараттық талдау орталығы арқылы шаруа қожалығы қаншалық су алғаны, қанша қаражат түсті деген жүйені енгізейін деп отырмыз. Ол жүз пайыз мәселені шешпейтін шығар, бірақ үлкен құрал ретінде жәрдем көрсетеді", - деді ол.

Сонымен қатар, шенеунік арнайы комитет құрылғанын, оның штаты ұлғайтылғанын, бұл бағытта кадр мәселесі де шешіліп, біраз лауазымды тұлға жұмыстан босатылғанын, Жаңа су кодексі күшіне енсе, алда да шаралар қолға алынатынын мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости