Қазақстан қалай орта держава атанып жүр

Кәмшат Тілеухан 21 окт. 2024 12:04 8202

Бұл - соңғы кездері халықаралықтан бастап іштегі үлкен жиындар тақырыбына жиі шығарылып жүрген дүние. Көбісі бұған аң-таң, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өйткені ортаны түсінгенімен, державаны қалың бұқара ұқпай әлек. Әсіресе, Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік жағдайында. Ал ондағы жағдай мәз емес. "Санкцияларға мыңқ демеймін" деген бастапқыдағы Ресейдің күйі соңғы кездері сыр бере бастаған. Сөйткен ол Қазақстанға көбірек сүйенуді шығарған. Енді ойлаңызшы, үлкен экономика кішкене экономикаға жантайса, не болатынын?.. Нәтижесі, орысша айтқанда, "на лицо": биыл Қазақстанның ЖІӨ-сі күрт баяулады!

Өткен жылы ғана, 2023 жылы ҚР ЖІӨ көрсеткіші 2023 жылы 5,1 пайызды құрап, 120,5 трлн теңгені көрсетті. Сол кезде Үкімет лепіріп, бұл цифрды 2024 жылы 6-7 пайызға апарамыз деп бөсіп еді. Қайдағы?.. Күні кеше Дүниежүзілік банктің жарияланған баяндамасында "Қазақстанның биылғы ЖІӨ баяулап, 3,4 пайызды құрайды" делінген. Қалай дегенмен де бұл да жаман көрсеткіш емес, негізі...

Сөз талқысына қайта оралсақ, жалпы ішкі өнім, негізі, елдің табысы мен халқының әл-ауқатын көрсететін көрсеткіш. Мысалы, соңғы 30 жылында Қазақстан экономикасының көлемі доллармен есептегенде (!) 30 есе өскен екен. Бұл миды айналдырар көрсеткіш! Бейнелеп айтқанда, орта түгілі ірі держава түсінде көрмеген мұндай цифрды. Мәселен, экономикасында жүргізілген түрлі реформаның арқасында 30 жылда алғаш рет Қытайдың ЖІӨ-сі доллар түрінде 15 есеге өскен. Сонда барлығы қалпағын аспанға атып, мұны экономикалық ғажайыпқа балады емес пе?..

Расында, қазірдің өзінде Орталық Азия және ТМД елдері ішінде ЖІӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан бірінші орында тұр. Көрдіңіз бе, орта держава деген сөздің қай тұстан қылтиып жатқанын...

Экономикалық өсім Қазақстан азаматтарының жалақысынан неге көрінбейді?

Осы цифрға, яғни біздің елдің ЖІӨ көрсеткішіне сүйенген, кез келген мемлекет Қазақстанмен жұмыс істегісі келеді. Мысалы, Қытай көлік жасайтын бірден үш зауыт ашқалы жатыр Қазақстаннан. Өйткені олардың ойынша, мұндай табыспен Қазақстанның әрбір азаматы көлікті қолғапша айырбастап міне алады. Жылда болмаса да екі жылда бір рет.  Бірақ олар қайдан білсін, Қазақстандағы макроэкономикалық көрсеткіштер басқалай есептелетінін...

Иә, жылына осынша байлыққа кеңелген мемлекеттің халқы да бай болуы тиіс. Өйткені бұл халықтың әл-ауқатын білдіруі тиіс көрсеткіш қой. Бірақ бір емес бірнеше несиеге басы шатылған, бір жалақыға күн көре алмай, екі-үш жұмыс істеп жүрген ел азаматтарынан мұны байқай бермейміз. Неге? Бұл сұрақты өткен аптада журналистер қауымы министрлерге қойып көрді. Жауаптары бір сыдырғы, нақтылық жоқ. Сөзбе сөз бере кетелік.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров:

"Егер экономика салаларына үңілсек, жалақы өндіріс көлемімен байланысты. Жалақы деген бір орында тұрмайды. Өнім мен өндіріс көлемінің артуына байланысты кәсіпорындар жалақыны да өсіруге тырысады. Біз мұны жақсы білеміз. Мемлекеттік қолдау білде отырып, біз кәсіпорындардан жұмысшылар жалақысын көтеруді үнемі талап етіп отырамыз. Ал егер бюджет саласына келсек, соңғы жылдары мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын өсіру бойынша елеулі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс алда да жалғасын табады. Халықтың әл-ауқатын арттыру – біздің басты міндетіміз".

Қаржы министрі Мәди Тәкеиев:

"Қазақстанда 150-300 мың теңге жалақы алатындардың үлесі - 35 пайыз, ал 300-600 мың теңге алатындардың үлесі - 36 пайыз. Бүгінгі экономика құрылымы баяғыдай. Жалпы, біз көмек көрсететін боламыз. Мемлекеттік қызметкерлердің, мұғалім мен дәрігерлердің жалақысы 2-3 жылда екі есеге өсті. Алда да бұл көлем арта береді деп сенеміз. Қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды".

Ресми жауаптардың түрі осы. Енді шынайы жағдайға келелік. Негізі, бізде Үкіметке, билікке ақыл-кеңес айтып, ұсыныстар жасап отыратын сарапшылар қауымы деген бар. Міне, солардың бірі - Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтың өткен аптада отандық БАҚ-тардың біріне берген сұқбаты жарияланды.

Сонда ол кісі: "Біздегі инфляция жұмыс күші ақысы өсімін есептемегенде, бүкіл тауарлар мен қызметтер бағасының өсімі болып табылады" деп ашығын айтты. Яғни, "инфляция болды" дейді де тауарлар, тарифтер, қызметтер бағасы өсе береді, бірақ инфляцияға қарап бізде жалақыны өсірмейді. Есептеуден осы арасын шорт кесіп тастаған біздің "білгіштер". "Неге? Бұл дұрыс емес қой", деп сұрады журналист Арыстанбековтен. "Әрине, дұрыс емес. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз", - деді ол қысқа қайыра.

Қазақтар шетелге неге кетіп жатыр?

Жалақыға қатысы жоқ, бірақ ЖІӨ көрсеткіші есебіне күмәнданған тағы бір сарапшылар қауымы өткен аптада өз талдауларын жариялады. 2024 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан экономикасы 3,2% өсімді көрсетіп, өндіру әдісі бойынша ЖІӨ 52,34 триллион теңгені құрады делінген ресми мәліметте. Алайда, economy.kz сарапшыларының соңғы пайдалану әдісімен есептегенде ЖІӨ 50,97 триллион теңгені құрапты, ал екі есептеу әдісі арасындағы статистикалық айырма 1,37 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 2,6% құрайды. Осылай деген сарапшылар бұл статистикалық есептердегі мәселелер барын немесе экономикалық процестердің ашық еместігін байқатуы мүмкін депті!

Халықаралық сарапшылар да Қазақстанның экономикалық көрсеткіші өзіне сай емес екенін бетіне басып отыр. "Ең алдымен, түріне қарап ал" деген ғой. Бірақ мұны мәдениетті түрде ашық айтқан. Күні кеше жарияланған Азия даму банкі мен Ислам даму банкінің зерттеуінде "табысы орташа деңгейден жоғары мәртебеге ие болғанына қарамастан, Қазақстанның жаһандық қосылған құн тізбегіне қатысуда, онда да соңғы екі онжылдықта қиындық деңгейі төмен және инновациясы шектеулі секторларға басымдық берген" делінеді. Ал бұл не деген сөз? Бұл жалақыдан бір қаққан біздің биліктің халқын заманауи жақсылықтан  да екінші рет қағып отырғанын меңзейді.

Инновация деген бекер айтылып отырған жоқ бұл арада. Қазір дамыған елдер бұл ретте әлдеқайда алға кетіп қалған бізден. Электромобильді алалық. Қазақстанда оны теуіп жүргендер бар қазір. Қатты көп емес. Бірақ солардың өзінің жағдайын жасай алмай отыр ғой біздегілер. Яғни, сол көлікті зарядтайтын орындар жоқ. Ауыл түгілі ірі қалада. Бар болса, санаулы ғана. Ал шетелде ше? Шетелде зарядтайтын орын да керек болмайтын болады алдағы жылдарда. Өйткені олар тас жолдарға күннен энергия алатын құрылғылар орнатып жатыр. Мәселен, инновацияны енгізу бойынша бірінші орынға шығатын Швейцарияда жүріп бара жатқан көлік тас жолдан заряд ала береді өздігінен. Ал бұл рейтингіде Қытай 11-орында тұр. Қытайда электромобильдер кеңінен қолданысқа ие, миллиондаған халқы бар ірі қалаларда көліктердің шуын да естімейсіз. Халқының сыйымдылығын қамтамасыз ету үшін аспан асты елі бүтін қала салып тастаған көктен. Содан да болар, жылжымайтын мүлік нарығында биыл оларда дағдарыс күтілуде. Ал біздің бас қала – Астанадағы көктен салған ЛРТ-сының түрі анау. Инновация банк саласында ғана бар шығар, онда да шетінен жағалай емес. Былай, қараң қалғанымыз рас енді...

Тағы бір статистика. Жоғары білімі бар адамдардың үштен бірі Қазақстанды тастап кетіп жатыр. Бұл туралы да Дүниежүзілік банктің биылғы баяндамасында айтылған. Кетпегенде қайтеді енді жағдайымыз мынандай болса? Жан-жақта дүниенің барлығы дамып жатқанда, Абай айтпақшы, боқ қап болып кім жүргісі келеді дейсіз? Шетелге жақсы дүниені көру үшін барады дейсіз бе, жоқ, өз потенциалын өзі игергісі келгеннен барады. Осындағы жалақысы күнкөрісіне жетпегеннен барады. Мәселен, тек бір Оңтүстік Кореяда 15 мың отандасымыз тентіреп жүр екен. Бұдан шығатын қорытынды: біз халқы кедей елі бай Қазақстанда тұрамыз немесе Қазақстан байлығы ел игілігіне арналмаған! 50 Cent-тің сөзіне ренжіп жүрген қазақтарға құлаққағыс бұл!


Рекомендовать
Последние новости