"Мықты ОПГ болса еститін едік": Ардақ Назаров Хасан Қасымбаев туралы ойын айтты

Көркем Алдабергенова 16 окт. 2024 14:10 6246

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Шерзат Болаттың өліміне қатысты және Хасан Қасымбаев туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.

Ардақ Назаровтың сөзінше, ол Талғарда қанды оқиға болғаннан кейін аймаққа ешкімнің тапсырмасынсыз барған. "Неліктен мобилограф ертіп бардыңыз?" деген сұраққа "мен мобилограф  ертіп барған жоқпын, жанымда бір спортшы жігіт болды" деп жауап берді.

– Талғарға барғанда қандай шаруа бітірдіңіз? Ол жерде ІІМ “Хасан бастаған қылмыстық топ жоқ” деп жатыр. Соған сенесіз бе?

– Мен спортшымын. Мен сөздің емес, істің адамымын. Үш мәрте әлем чемпионы, екі мәрте Еуразия чемпионы болдым. Іспен көрсеткен адаммын. Мына жерде де кейбір көптеген нәрсені желіге қазір салмайтын болдым. Көп іс істеліп жатыр. ЛГБТ-мен, лудоманиямен күресіп жатырмын. Талғарға барғаннан кейін Алматы облысы әкімдігімен, Ішкі істер департаментімен, ІІМ-мен, ҰҚК-мен, прокуратурамен хабарласып, “мынаның түбі қалай болады? Неге сендер топтарды құрықтамайсыңдар? Аяғы қалай болады?” деген кезде олардың айтқан жауабы: “құрметті, Ардақ Құттықожаұлы немесе Ардақ бауырым зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр” деді. Бәріміз басында белгілі бір топты кінәладық. Кешеден бастап басқа ақпараттар шыға бастады. Дүкенді көріп жатырсыңдар деген сияқты. Сондықтан, көптеген нелер (?) шығуы мүмкін. Сондықтан, бәрі зерттейді. Толыққанды несін (?) шығарғаннан кейін барып, сіздер де біз де хабардар боламыз.

– “Хасан ОПГ жоқ” дегенге сенесіз бе? 

– Мықты ОПГ болса аты шыққан жігіттер болса, еститін едік қой. Қазақстанда аты шыққандарды бәріміз білеміз. Тоқсаныншы жылдары Сары Алмас болсын, Қара Алмас болсын, Атабаны білем. Сондықтан оның бәрі әлеуметтік желінің кесірінен “бандиттер болған сондай” деген сияқты мүмкін соларға тиіп жатқан болуы мүмкін. Көшеде қазір кім төбелеспей жатыр? 

– Хасанмен жеке таныссыз ба?

– Танымаймын. Аты шыққан өте мықты ОПГ болса, біз еститін едік қой. Осы желіге шыққан Шерзаттың өлімінен кейін бәрі Хасанға таңып жатыр. ОПГ-сы деген сияқты. Сондықтан, құзіретті органдар бәрін зерттеп көру керек. 

– Талғарға барған кезде сізді көп сынап, ашық жазды. Сіз солардың бәрін оқып отырсыз ба? Не деп жауап бересіз?

– Мысалы мен оқымаймын. Басымды қатырып қайтем. Тіпті біздің Пайғамбардың өзін жынды деген. Иса пайғамбарды өлтірмекші болған. Абайдың өзін қан жылатқан қазақпыз. Оның жанында біз кімбіз? Шәкәрімді құдыққа тастаған кезде Ардақ Назаровқа сын айту – мен оған қуанамын. Депутат болғанға дейін сынды әр жерден еститінбіз. Ол кезде менің жанұяма, спортзалыма жауап беретінмін. Кейбір жастарға жасап беретінмін. Ал қазір халықтың жауапкершілігі тұр ғой. Сондықтан, 20 млн адам бар ма – сонша пікір бар. “Мен ондай емеспін, мен осындаймын, мен жақсы ниетпен бардым, азаматтық парызым бар ғой, қасымда мобилограф болған жоқ” деп ақталмаймын ғой. Сондықтан мен өзімнің ісімді білем. 

– Неге онда жазылушыларды блоктайсыз? 

– Кімді?

– Мысалы Гүлбану Әнтиятқызын…

– Ол қыз жайлы ештеңе айтпаймын. Мысалы мынандай: сіздерге айтарым бір-ақ нәрсе. Ең үлкен қымбат нәрсе – жер, ел, ата-ана қымбат. Адамның ар-намысы қымбат. Менің ар-намысымды таптаған жазушыларға менің ешқандай ренішім жоқ. Әркімнің өзінің санасы бар. Бірақ ертең біреудің қарғысы болады, біреудің сөзі болады. Біреуді мысалы қаралап көрсетесіз, бірақ ол ондай адам емес. Ол сізге ренжуі мүмкін. Сізге жаман сөз айтуы мүмкін. Сол сіздің ұрпағыңызға тиеді. Содан сіздерді сақтандырғым келеді. Өйткені жақсы нәрсені насихаттау керек. Біреудің ар-намысына тиюге болмайды. Адамгершіліктен аттауға болмайды. Мен журналистерге ҚазҰУ-де талай сабақ бердім. Жақсылықты насихаттаңыздар дедім. Сіздерге де айтарым сол! Дұрыс нәрсені беріңіздер, бөлісіңіздер.

– Сізді Әлия Назарбаеваның оққағары дейді. Соны растай аласыз ба?

– Мен Әлияны ешқашан көрген емеспін. Мен ол отбасынан ешкімді… Тіпті президенттің өзімен кездескен адам емеспін. Әлияның атын естігенім болмаса, мен ешқашан оққағар болмағанмын. Мен 10 жыл кәсіби спортшы болғанмын. Спортзалда, шетелдерде болғанмын. Сол кезде бір ақпараттар жазылған. Мен сұхбаттарымда ол кісілерді білмейтінімді айтқанмын.


Рекомендовать
Последние новости