Қазақстан жастары тегін білімді қалай алып жүр?

Азамат Қойшығара 19 июл. 2025 17:42

Еліміздегі білім беру жүйесі бірнеше деңгейден тұрады: мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш, негізгі орта, орта (жалпы орта не техникалық-кәсіптік), орта білімнен кейінгі (колледж) және жоғары, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім. ҚР «Білім туралы» заңының 8-бабына сәйкес, орта білім алу – міндетті, ал тегін орта білім алу – әр азаматтың құқығы.

Орта білімді аяқтаған соң түлек не колледжде кәсіби білім алып, мамандық игереді, не Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) арқылы жоғары оқу орнына құжат тапсырады. Білім беру жүйесінің көпсатылы құрылымы – Қазақстанның 2023–2029 жылдарға арналған Білім беру даму тұжырымдамасында бекітілген.

Мемлекеттік грант бөлу тәртібі және талаптары қандай?

«Елімізде 800-ден астам колледж бар, олардың 500-ден астамы – мемлекеттік. 2024 жылы 125 мыңнан астам студент техникалық және кәсіптік білімді тегін негізде алып жатыр», деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Мемлекет техникалық және жұмысшы мамандықтарына басымдық беріп отыр – бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірнеше рет атап өткен.

Жоғары оқу орнына түсу үшін талапкерлер ҰБТ тапсырады. ҰБТ өткізу және грант беру рәсімдерін Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) үйлестіреді. ҰТО дерегі бойынша, 2023 жылғы негізгі ҰБТ-да 166 мыңнан астам талапкер қатысып, 305 мың тест тапсырды.

«Мемлекеттік гранттар ҰБТ балдары негізінде конкурс арқылы бөлінеді. 2023 жылы 88 203 грант бөлінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 73 061 грантты құрады», деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрлігі. Грант конкурсына тек шекті баллдан жоғары жинаған талапкерлер қатыса алады. Шекті баллдар министрлік бұйрығымен жыл сайын анықталады.

ҰБТ мен конкурс нәтижелерінің рөлі

ҰБТ –Үкімет пен Оқу-ағарту министрлігі бекіткен бірыңғай формат. Бұл тестілеудің нәтижелері – жоғары оқу орнына түсу мен грант алу мүмкіндігіне тікелей әсер етеді. ҰТО директоры Руслан Емелбаевтың мәліметінше, соңғы жылдары әділдікті сақтау үшін әр талапкерге ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі берілген, ал конкурста ең жоғары балл есепке алынады.

Р. Емелбаевтың айтуынша, «Тестілеу кезіндегі бақылау күшейтілген: прокторинг, видеоаудит, бет-әлпет тану технологиялары енгізілген. Бұл ҰБТ-ның ашық әрі әділ өтуіне жағдай жасайды».

Грантқа талас немесе білім сынағы әділ ме?

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, гранттардың 35-40 пайызын ғана талапкерлер ұтып алады, қалғандары ақылы оқуға түседі. Сондықтан бәсеке жоғары.

Саясат Нұрбектің айтуынша, «грант бөлу процесі толығымен цифрландырылған, адами фактор араласпайды. Барлық шешім автоматтандырылған жүйе арқылы ҰБТ баллы негізінде қабылданады». Сонымен қатар, грант бөлуде ауыл жастарына арналған арнайы квоталар бар, бұл министрлік бұйрығымен белгіленген. 2023 жылы педагогикалық, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтарға гранттардың 35 пайызы ауыл жастарына берілді.

Тәртіп бұзушыларға қатысты да нақты шаралар қолданылуда. 2023 жылы ҰТО дерегі бойынша 100-ден астам талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылып қалды, себебі емтихан кезінде рұқсат етілмеген құралдарды пайдаланған.

Білім беру сапасы мен еңбек нарығының байланысы көңіл көншіте ме?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, жоғары оқу орнын бітіргендердің 30 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. «Жастар практикасы» жобасы аясында 2023 жылы 26 мыңнан астам түлек еңбекпен қамтылған, бұл – кәсіби бейімсіздік проблемасының бар екенін көрсетеді.

Педагогикалық бағытта оқыған 35 мыңнан астам түлек мектепке жұмысқа орналаспаған. Бұл туралы 2023 жылы Саясат Нұрбек Парламентте – депутаттар алдында есеп беру кезінде арнайы айтып өтті.

Министрдің сөзіне қарағанда, «2022 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығының сұраныс болжамына қарай бөлініп келеді». 2025 жылы 77 мың гранттың 15 мыңы – педагогикаға, ал 20 мыңға жуығы техникалық, ІТ және медицина мамандықтарына бөлінген.

Мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік осал топтарға қандай мүмкіндіктер берілген?

Әлеуметтік осал санаттағы талапкерлерге арналған квота жүйесі ҚР Үкіметінің 2012 жылғы №1119 қаулысымен бекітілген. 2023 жылы:

  • ауыл жастарына – 35%,
  • көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға – 5%,
  • атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардан шыққандарға – 5%,
  • мүгедектігі барларға – 10%,
  • жетім балаларға – 1%,
  • қандастарға – 4% грант квотасы бөлінді.

Сондай-ақ грант иегерлеріне мемлекеттік стипендия беріледі: мемлекеттік шәкіртақы мөлшері 2024 жылы 40 400 теңге болса, әлеуметтік санаттарға 66 000 теңгеге дейін көтерілді.

«Серпін» бағдарламасы – оңтүстік өңір жастарын еңбек күші тапшы аймақтарға тартудың тетігі. ҚР Үкіметінің 2014 жылғы қаулысымен бекітілген бұл жоба аясында жыл сайын 5 мыңға жуық грант бөлінеді. Бағдарлама жайлы толық мәліметті serpin.kz порталынан алуға болады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ұлттық статистика бюросы сияқты ресми органдардың мәліметтеріне сүйенсек, мемлекеттік білім беру және грант саясаты жыл сайын дамып, жастарға тең мүмкіндік беруге бағытталған. Жоғары білім беру мен грант алу үдерістері барынша әділ және ашық болуына күш салынуда. Дегенмен, жастарды жұмыспен қамту, мамандықтардың өзектілігі және оқу сапасы мәселелері күн тәртібінен түспеуі тиіс.


Рекомендовать
Последние новости