Қазақстан және БҰҰ: Орта державаның әлемдік саясаттағы салмағы

Сұхбаттасқан Жанна ЖОМАРТ 09 дек. 2024 18:57 1443

Қазіргі таңда әлем күрделі геосаяси ахуалдар мен экономикалық қайшылықтарға толы. Ал бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін халықаралық ұйымдар мен орта державалардың рөлі айрықша маңызды болып тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселелерді Доха форумының панельдік сессиясында көтеріп, нақты ұсыныстар жасады. Оның ішінде БҰҰ-ны реформалаудың қажеттілігі мен орта державалардың жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы рөлі ерекше атап өтілді. Президенттің пікірінше, БҰҰ қазіргі заманның талаптарына сәйкес қайта құрылуы тиіс, себебі халықаралық ұйымның құрылымы мен функциялары жаһандық өзгерістерге тиімді жауап бере алмайды. Сонымен қатар, орта державалар, оның ішінде Қазақстан, өздерінің дипломатиялық әлеуетін арттырып, көптеген күрделі мәселелерді шешуде елеулі рөл атқара алады. Тоқаевтың көзқарасы Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді ұстанымын айқындайды. Президенттің бұл бағыттағы бастамалары, жалпы БҰҰ-ның қазіргі рөлі мен орта державалардың маңызы туралы Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығы директорының орынбасары Рүстем Мұстафинмен сұқбаттасқан едік.

 

БҰҰ-ның қазіргі рөлі мен тиімділігі

– БҰҰ-ның жаһандық мәселелерді шешудегі қазіргі тиімділігін қалай бағалайсыз? Оның құрылымы мен жұмыс істеу механизмдерінде қандай кемшіліктер бар? Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "БҰҰ реформалауды қажет  етеді" деген пікіріне келісесіз бе?  Реформа қай бағытта жүруі мүмкін?  Қазақстан сияқты елдердің БҰҰ реформалау процесіне ықпал ету мүмкіндігі бар ма? Бұл үшін қандай дипломатиялық құралдар қолдануға болады?

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тәжірибелі саясаткер және  дипломат ретінде қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының маңызды рөлін бірнеше рет атап өткен. Сонымен бірге, ол ұйымның құрылымдық кемшіліктері мен оны реформалау қажеттілігін назардан тыс қалдырмайды.

2024 жылғы 7 желтоқсанда Катардың Доха Форум алаңында CNN журналисі Джулия Чаттерлейге берген сұхбаты барысында Мемлекет басшысы былай деді: «БҰҰ – бүкіл адамзат үшін аса қажетті әмбебап ұйым, оған балама жоқ. Өкінішке қарай, ірі державалар ғаламдық әлемді қауіпсіз ете алмады. Қазіргі шындық, әрине, Қазақстанды қоса алғанда, көптеген елдерді қатты алаңдатып отыр. Сондықтан БҰҰ реформаларды қажет етеді. Біз ірі державалардың арасында байланысты орнату қажет деп есептейміз, өйткені олардың жоқтығы, өкінішке қарай, Қауіпсіздік Кеңесін тығырыққа тіреп отыр».

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы БҰҰ-ның жаһандық диалог алаңы ретіндегі бірегей мәртебесін мойындау мен қазіргі халықаралық тұрақсыздық жағдайындағы оның шектеулерін сын тұрғысынан түсіну арасындағы қайшылықты бейнелейді.

Тарихқа үңілсек, Біріккен Ұлттар Ұйымы 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуынан кейін құрылды. Бұл ұйым жаһандық қақтығыстың алдын алуда сәтсіздікке ұшыраған Ұлттар Лигасының орнын басты. БҰҰ-ның бастапқы мақсаты – халықаралық бейбітшілікті сақтау және болашақ соғыстардың алдын алу болды. Алайда, қазіргі заманғы әскери қақтығыстар, экономикалық теңсіздік, климаттың өзгеруі және адам құқықтарының жаппай бұзылуы сияқты сын-тегеуріндер ұйымның өз міндеттерін тиімді орындай алу қабілетін күмәнға айналдырды.

Бір жағынан, БҰҰ-ның 193 мүше мемлекеті бар Бас Ассамблеясы ұйымның әмбебаптығын айғақтайды. Бірақ екінші жағынан, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатын Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымы қазіргі саяси және экономикалық шындықтарға сай емес.

Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты бес мүше: АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Францияның вето құқығына ие болуы шешім қабылдау процесінің тығырыққа тірелуіне себепші болады. Бұл Сирия, Украина, Палестина және Ливандағы дағдарыстар кезінде анық байқалды.

Вето құқығы кейбір елдерге артық ықпал бере отырып, әділетсіздікке жол ашады және әсіресе, дамушы елдер арасында ұйымға деген сенімді әлсіретеді. Бұл құрылымдық асимметрия бюрократиялық тежелулер мен ресурстардың шектеулігімен күрделене түседі.

Өкінішке қарай, ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылған ұйым көбінесе ірі державалардың мүдделері мен халықаралық қауымдастықтың ортақ мақсаттары арасындағы қайшылықтардан шыға алмай қалады. Қазіргі қақтығыстар бұл жүйелік мәселелерді айқын көрсетіп отыр.

Мәселен, Ресей мен Украина арасындағы соғыс БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиімді шаралар қабылдай алмауының көрнекі мысалы болып табылады. Ресейдің вето құқығы кез келген қарсы қарарларды бұғаттап отыр. Бұл Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі осалдығын – тұрақты мүшелердің мүдделерінің халықаралық құқық қағидаттарынан басым екенін көрсетеді. Нәтижесінде, БҰҰ геосаяси мәселелерді шешуден тыс қалып, тек гуманитарлық көмек көрсетумен шектелуде.

Сол сияқты, Израиль, Палестина және Ливандағы жағдайлар да БҰҰ-ның терең тарихи және ұлттық қайшылықтар жағдайында тиімді әрекет ете алмайтынын көрсетеді. Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінің көптеген қарарларына қарамастан, қақтығысты шешуде айтарлықтай прогресс жоқ. АҚШ тарапынан саяси қысым мен қаржылық ықпал ұйымның бейтараптығын сақтауға кедергі келтірсе, халықаралық қатысушылардың бірыңғай стратегиясының болмауы ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз етуді қиындатады.

Сириядағы азаматтық соғыс көпжақты дипломатияның дағдарысқа ұшырауын айқын мысал ретінде көрсетеді. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – Ресей, Қытай және АҚШ арасындағы қайшылықтар БҰҰ-ны шешуші әрекеттен шеттетіп, гуманитарлық апатты болдырмауға кедергі болды. Бұл қақтығыс БҰҰ-ның ірі державалардың ұлттық мүдделері қайшы келген жағдайларда әрдайым тиімді бола бермейтінін дәлелдеді.

Президент Тоқаев БҰҰ-ны реформалау қажеттілігін ашық атап көрсетті. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Африка, Латын Америкасы және Азия елдерінің өкілдерін қосу қажет екенін айтты, өйткені олардың мүдделері жиі назардан тыс қалады. Сонымен қатар, адам құқықтарының жаппай бұзылуы мен гуманитарлық дағдарыстар кезінде вето құқығын шектеу ұсынылуда. Реформа Бас Ассамблеяның рөлін күшейтіп, шешім қабылдау процесін әділетті етуге бағытталуы тиіс.

Қазақстан, өз кезегінде, маңызды геосаяси жағдайы мен халықаралық қоғамдастықтағы белсенді қатысушы ретіндегі беделімен, реформаларды ілгерілетуге елеулі үлес қоса алады. Дегенмен, бұл үшін осы процеске белсенді қатысуға дайын пікірлес серіктестер қажет.

БҰҰ реформасы ұйымның тиімділігін төмендететін жүйелік проблемаларды жоюға бағытталуы керек. Ұйымның маңыздылығын сақтап қалу үшін айтарлықтай өзгерістер қажет. Вето құқығын шектеу, Бас Ассамблеяның рөлін арттыру және қақтығыстарды болдырмау мен реттеудің неғұрлым тиімді механизмдерін құру басымдыққа айналуы тиіс. Осы өзгерістерсіз БҰҰ қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне жауап бере алмайтын символдық ұйымға айналуы мүмкін.

 

Орта державалардың рөлі

Қазақстан «орта держава» ретінде сипатталды. Осы рөлді күшейту үшін қандай қосымша шаралар қажет деп санайсыз? Орта  державалардың бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі негізгі үлесі қандай? Қазақстан бұл тұрғыда қандай ерекшеліктер мен әлеуетке ие? Орта державалар арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін қандай механизмдер немесе платформалар қажет?

– Президент Қазақстанды «орта деңгейлі державалар» қатарына жатқызу арқылы олардың рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Мұндай баға еліміздің әлемдік аренадағы ықпалын күшейтуге деген ұмтылысын ғана көрсетіп қоймай, стратегиялық даму жолын таңдаудың маңыздылығын да айғақтайды. Алдымен «орта деңгейлі держава» ұғымының мәнін түсініп алған жөн.

Халықаралық қатынастардағы «орта деңгейлі держава» ұғымы нақты категория емес, әртүрлі факторлардың қиылысуынан пайда болатын құбылыс ретінде қарастырылады. Бұл ұғым «ұлы державалар» мен «шағын мемлекеттер» арасындағы аралық орынды иеленетін, олардың жаһандық аренадағы рөлін материалдық ресурстар, саяси мінез-құлық және ұжымдық қабылдаудың күрделі өзара байланысы анықтайтын мемлекеттерді қамтиды. Бұл концепцияны түсіндіру үшін бірнеше тәсілдер бар.

Бірінші тәсіл бойынша, орта деңгейлі державаларды анықтау үшін экономикалық қуат, әскери әлеует және халық саны сияқты өлшенетін көрсеткіштерге сүйенеді. Бұл тұрғыда, орта деңгейлі державалар халықаралық жүйедегі басым және әлсіз акторлар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін аралық орынды иеленеді.

Екінші тәсіл орта деңгейлі державалардың басты ерекшелігін олардың көпжақты дипломатиялық процестерге қатысуы, жанжалдарды реттеудегі делдалдық қызметі және адам құқықтары, тұрақты даму, халықаралық құқық сияқты жаһандық нормаларды ілгерілетуімен байланыстырады. Бұл мемлекеттер ынтымақтастық катализаторлары ретінде әрекет етеді, қақтығыстан гөрі өзара әрекеттесу стратегиясын қалайды. Мұндай рөл ресурстар арқылы емес, әлемдік саясатқа қатысудың ерекше стилімен және қабылдау негізінде айқындалады.

Үшінші тәсіл «орта деңгейлі держава» мәртебесін объективті көрсеткіштермен шектеуге болмайтынын атап көрсетеді. Бұл мәртебе ең алдымен мемлекеттің өзін-өзі қабылдауы мен басқа акторлардың мойындауы арқылы анықталады.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, орта деңгейлі державалар жаһандық процестерге қатысуға жеткілікті әлеуетке ие, бірақ оларды басқаруға шамасы жетпейді. Бұл елдер әртараптандырылған экономикасы, белсенді сыртқы саудасы және шетелдік инвестицияларды тартуға қабілетті дамыған инфрақұрылымы арқылы ерекшеленеді. Бұл әлеует оларды жаһандық құндылық тізбегіне интеграциялауға, сондай-ақ материалдық ресурстардың шектеулігін өтейтін экономикалық альянстарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан «орташа держава» ретінде өзіндік ерекшеліктерін танытып отыр, бұл оның стратегиялық орналасуымен және экономикалық дамуының динамикасымен көрінеді. Халықаралық валюта қорының соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 336 миллиард АҚШ долларын құрайды, бұл оны Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға айналдырып, әлемдік рейтингте 50-ші орынға шығарады. Бұл көрсеткіш елдің өңірлік экономикалық жүйедегі маңызды рөлін айқын көрсетеді.

Айта кетерлігі, Қазақстан бейтараптықты және бейбітсүйгіш сыртқы саясат бағытын ұстанып, қарулы қақтығыстар мен мемлекетаралық қайшылықтарға араласудан бас тартады. Әлемнің екі ірі державасы – Ресей мен Қытай, ядролық қаруы бар және ірі экономикалық ойыншылар болып табылатын елдер, Қазақстанмен шекаралас және оның стратегиялық серіктестері болып табылады. Бұл геосаяси фактор Қазақстанның халықаралық және өңірлік процестердегі маңызды делдал ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Америка Құрама Штаттары, Германия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия сияқты негізгі әлемдік державалармен және Еуропалық Одақ секілді интеграциялық құрылымдармен жан-жақты және тереңдетілген қарым-қатынастарды қолдайды. Бұл байланыстар мүдделердің тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, сауда мен инвестициялардан бастап технологиялар мен мәдениетке дейінгі әртүрлі салалардағы көпжақты ынтымақтастыққа платформа қалыптастырады.

Сонымен бірге, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы және оның мамандандырылған мекемелері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы және Еуразиялық экономикалық одақ сияқты көптеген халықаралық және өңірлік ұйымдардың белсенді мүшесі болып табылады. Бұл ұйымдарға қатысу Қазақстанға ел үшін де, тұтас өңір үшін де маңызды бастамаларды талқылауға және жүзеге асыруға үлес қосуға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, орта деңгейлі державалардың халықаралық қатынастарда тұрақтандырушы рөл атқаратын, жанжалдарды шешуде делдал ретінде әрекет ететін, ынтымақтастықтың жаңа формаларын бастамалайтын және көпжақтылық идеяларын ілгерілететін елеулі әлеуеті бар.

Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық бастамаларды ілгерілетуде айтарлықтай тәжірибеге ие, бұл оның жаһандық саясаттағы жауапты және белсенді қатысушы ретіндегі рөлін көрсетеді.

Ең маңызды бастамалардың бірі – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру. Қазақстан ұсынған бұл платформа аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтудың басты механизміне айналды, саяси және экономикалық жүйелері әртүрлі елдерді біріктіріп отыр.

Сирия қақтығысын реттеуге арналған Астана процесі де Қазақстанның бастамасымен іске асқан маңызды дипломатиялық жоба болып табылады. Бұл процесс Қазақстанның күрделі халықаралық келіссөздерде делдал бола алатын қабілетін көрсетіп, түрлі тараптар арасында диалог үшін қолайлы жағдай жасады.

Қазақстанның инновациялық ұсыныстарының бірі – Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру идеясы. Бұл бастама биотехнологиялар мен эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге байланысты қазіргі заманғы сын-тегеуріндер тұрғысында елдің жаһандық биологиялық қауіпсіздік мәселелерінде жетекші рөл атқаруға деген ұмтылысын көрсетеді.

Қазақстан сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізудегі еңбегімен танылды. Бұл форум әртүрлі діндер арасында диалогты дамытуға және жаһандық деңгейде төзімділік пен өзара түсіністіктің негіздерін нығайтуға ықпал етеді.

БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысуы Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға деген адалдығын дәлелдейді.

Сонымен қатар, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) қамқорлығымен төмен байытылған уран банкін құру бастамасы елдің ядролық қауіпсіздік саласындағы сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтты.

Одан бөлек, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын құру бастамасы да айрықша маңызды. Бұл жоба Қазақстанның жаһандық тұрақты даму күн тәртібін ілгерілетуде және экология, экономика мен әлеуметтік салаға қатысты негізгі мәселелерді шешуде белсенді рөл атқаруға ұмтылысын көрсетеді.

 

Ірі державалар мен орта державалардың диалогы

Ірі державалар арасындағы текетірестер жағдайында орта державалар қандай рөл атқара алады? Олардың ықпалы артуы мүмкін бе? Қазақстанның ірі державалармен сындарлы диалог жүргізу тәжірибесі қаншалықты тиімді деп санайсыз?

– Орташа державалар әлемдік саяси жүйеде ерекше орын алады, дағдарысты басқару мен дипломатияда балама тәсілдерді ұсынады. Олардың құндылығы – бейтарап ойыншы ретіндегі қабілетінде, яғни өзара келісімге келу үшін байланыс орнатудағы дәнекер рөлін атқара алуында. Геосаяси амбицияларының салдарынан қақтығыстарға жиі араласатын ұлы державаларға қарағанда, орташа державалар икемділігімен және идеологиялық жүктеменің аздығымен ерекшеленеді.

Тарих бойында олардың рөлі көбінесе келіссөздерге қолайлы жағдай жасау және қақтығыстарды шешуге конструктивті атмосфера қалыптастыру болды. Мысалы, қырғи-қабақ соғыс кезінде Финляндия НАТО мен Варшава келісімі блоктары арасында шебер теңгерім сақтады. Ол тек блокаралық қақтығыстардан аулақ болумен шектелмей, өз саяси бейтараптылығын дипломатиялық кездесулер өткізу алаңдарын ұсыну арқылы халықаралық шиеленісті төмендетуге пайдаланған.

Қазақстан да әртүрлі мүдделер арасындағы теңгерімді табуда, сондай-ақ қарама-қайшы тараптарды өз аумағында келісімге келу үшін жинауда өзінің қабілеттілігін табысты көрсетті.

 

БҰҰ мен Қазақстанның әріптестігі

Президенттің халықаралық аренада көтерген бастамалары (мысалы, ядролық қарусыздану, аймақтық интеграция, дінаралық диалог) БҰҰ деңгейінде қандай нәтижелерге жетуі мүмкін? Қазақстанның БҰҰ мүше ретіндегі белсенділігі елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға қалай ықпал етеді? Орта державалар мен БҰҰ арасындағы әріптестік қандай жаңа мүмкіндіктер ұсынады?

– Мемлекет басшысының халықаралық аренадағы бастамалары, әсіресе Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы қызметі, Қазақстанның орташа держава ретіндегі ерекше мүмкіндіктерін жаһандық мақсаттарға жету үшін қалай пайдалануға болатынын көрсететін жарқын мысал болып табылады. Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарын ескере отырып, бұл бастамаларды талдау еліміздің әлемдік саясатқа ықпалы өзінің географиялық шекарасынан әлдеқайда асып түсетінін аңғартады.
Біріншіден, ядролық қарусыздану мәселесі Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі болып табылады, және бұл тақырыпты біз БҰҰ деңгейінде белсенді түрде алға тартып келеміз. Мысал ретінде еліміз аумағында төмен байытылған уранның халықаралық банкін құру бастамасын айтуға болады.

Екіншіден, Қазақстан Орталық Азиядағы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында БҰҰ-ның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, аймақтық интеграцияны дамыту бағытында белсенді жұмыс істеуде. Негізгі күш-жігер экономика мен су ресурстары саласына бағытталған. Амудария мен Сырдария өзендерінің аймақ үшін стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, бұл су ресурстарын бірлесіп басқару тұрақтылықты нығайту және қақтығыстарды болдырмаудың негізі бола алады. Мұндай жобалар аймақтық ынтымақтастықтың тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі қуатты құралға айналатынын көрсетеді.

Үшінші бағыт – Қазақстанның халықаралық деңгейде белсенді қолдап отырған конфессияаралық диалогқа байланысты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Астанада өтетін съезі толеранттылықты нығайту, экстремизммен күресу және әртүрлі мәдениеттердің өкілдері арасындағы өзара түсіністікті арттыру мәселелерін талқылауға арналған бірегей алаң болып табылады. Бұл бастамалар БҰҰ-ның зорлық-зомбылық пен радикалданудың алдын алу жөніндегі жалпы күш-жігерімен сәйкес келеді және дінаралық қақтығыстардың өсуі жағдайында ерекше маңызға ие.

Сонымен қатар, Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларындағы маңызды рөлін ерекше атап өту қажет. Біздің еліміздің Ливандағы UNIFIL сияқты операцияларға қатысуы қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің белсенді жақтаушысы ретіндегі беделін арттыруға ықпал етеді. Бұл сондай-ақ орташа державалардың ғаламдық бейбітшілікті қолдауға айтарлықтай үлес қоса алатынын көрсетеді.
Сонымен бірге, Сириядағы бейбітшілік процесіндегі Қазақстанның тәжірибесі, онда Астана келіссөздер жүргізу алаңы ретінде әрекет етті, біздің келіссөздерге арналған бейтарап платформа ретінде әлеуетімізді тағы да айқын дәлелдейді.

 

Қазақстанның көпвекторлы саясаты

– Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты БҰҰ мақсаттарына қаншалықты сәйкес келеді? Бұл саясат Қазақстанды орта держава ретінде нығайта ала ма?

– Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған стратегиялық тәсілдің жарқын үлгісі болып табылады, ол БҰҰ-ның мақсаттары мен міндеттеріне толық сәйкес келеді. Бұл тәсіл еліміздің жаһандық жүйеге үйлесімді интеграциялануына ғана емес, сонымен қатар оны дамытуға белсенді түрде ықпал етуіне, түрлі күш орталықтары арасындағы байланыстырушы буын рөлін атқаруына мүмкіндік береді.

Қазақстанның көпвекторлы саясаты серіктестік қарым-қатынастардың кең ауқымында көрініс табады, олардың әрқайсысы халықаралық қауымдастықтың аса маңызды мақсаттарына қол жеткізуге қызмет етеді. Мысалы, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы Қытаймен ынтымақтастық аймақтың көлік және логистикалық инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикалық өсудің жаңа көкжиектерін ашады.

Бұл ынтымақтастық экологиялық тұрақтылыққа бағытталған, Батыс елдері қолдап отырған бастамалармен үйлесімді түрде сабақтасады. Мұндай тәсіл БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына арналған күн тәртібінде жарияланған жаһандық серіктестік қағидасының жүзеге асырылуын айқын көрсетеді.

Қазақстан саясатының маңызды аспектілерінің бірі – аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі үлесіміз. Ауғанстандағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі аймақтық платформалар арқылы көрсетіліп отырған белсенді қолдау Орталық Азиядағы қауіпсіздікке ықпал етіп қана қоймай, қақтығыстардың алдын алудың әлемдік жүйесіне де маңызды үлес қосады.

Қазақстан тұрақсыз аймақтардағы бейбітшілікті сақтау мақсатында БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігеріне елеулі үлес қосып, конструктивті арағайыншы рөлін атқарады.

Айта кету керек, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты елге бірде-бір державаға немесе елдер тобына тәуелді болмауға мүмкіндік береді. Бұл негізгі жаһандық және аймақтық күш орталықтарымен үйлесімді қарым-қатынастар арқасында жүзеге асырылады.

Қазақстанның көпвекторлы саясатының осындай құрамдас бөліктері оның сенімді және бейтарап делдал ретіндегі халықаралық беделін нығайту үшін берік негіз қалайды. Елдің әртүрлі серіктестермен табысты ынтымақтастық жасап, сонымен бірге өз ұлттық мүдделерін қорғау қабілеті жаһандық аренадағы стратегиялық икемділігі мен кемелдігін көрсетеді. Қазақстан орташа держава ретінде тек халықаралық оқиғалардың ықпалында қалмай, оларда белсенді түрде қатыса отырып, бейбітшілік, тұрақты даму және халықаралық ынтымақтастық ісіне қомақты үлес қоса алатынын дәлелдейді.

Сұқбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан Жанна ЖОМАРТ

 

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости