Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі энергия өндіруші елдердің бірі – ішкі нарықтағы газ бағасына көпжылдық субсидиялау саясатын кезең-кезеңімен тоқтатуға кірісті. Бұл қадам – күрделі, бірақ стратегиялық тұрғыдан қажет реформа. Себебі, ұзақ жылдар бойы Қазақстан әлемдегі ең арзан жанармай тұтынушылар үштігіне кіріп, жасанды төмен баға жүйесі экономикада үлкен бұрмалаушылық пен жүйелі тәуекелдерге әкеп соқты.
Экономикалық дисбаланс: субсидия мен шындықтың арасы
Қазақстандағы газ өндірісі көп жылдар бойы тиімсіз модельге сүйеніп келді: зауыттар ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын және мұнай өнімдерін өзіндік құнынан әлдеқайда төмен бағамен сатуға мәжбүр болды. Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, өндірістің өзіндік құны тоннасына $128-147 болса, сатылым бағасы $82-96 ғана болған. 2025-2026 жылдары Алматы мен Алматы облысы үшін тауарлық газдың есептік өзіндік құны $98 болса, бекітілген көтерме бағасы бұдан екі есе төмен деңгейде. Бұл жағдай әр өндіруші үшін тұрақты шығын әкеліп, салада даму мотивациясын жойды.
Осы жүйе бойынша Қазақстан ішкі нарықта туындаған шығынды экспорттан түскен табыспен жауып келді. Соның салдарынан Қазақстан әлемдік энергетика картасында өзіндік бір аномалияға айналды.
2024 жылдың соңында халықаралық стандарт бойынша газдың тұрғындар үшін орташа бағасы 1 кВт·сағ үшін $0.086 болса, Қазақстанда әлемдегі ең төменгі баға сақталды. Бұл жағдайдың салдарынан халықтың орташа табысына шаққанда жылына 10 мың текше метр газ сатып алуға мүмкіндік туды – бұл әлемнің көп елінде мүмкін емес көрсеткіш.
Субсидияланған бағаның «арқасында» сұйытылған газдың литрі кейде бөтелкедегі ауыз судан да арзанға сатылды. Мұндай баға саясаты артық тұтыну мәдениетін қалыптастырып, 2024 жылы ішкі газ тұтыну 9 пайызға өсіп, 21,2 млрд текше метрге жетті. Сұйытылған мұнай газының тұтыну көлемі 2,42 млн тоннаға өсті. Жаңа қуаттар ашылмай жатқанда мұндай өсу тапшылықты күшейтті.
Өндірістің тозуы мен көлеңкелі нарық
Субсидия салдарынан салада жүйелі түрде қаржыландыру жетіспеді. Соңғы үш жылда ірі зауыттарда 400-ден астам апаттық тоқтау тіркелді. Мысалы, КазГПЗ-да қысымдағы ыдыстардың 98 пайызы 40 жылдан аса пайдаланылып келеді.
Баға айырмашылығы үлкен болғандықтан, Қазақстанда автогаздың қара нарығы дамыды: бізде литрі $0,21 болса, Ресейде – $0,36. Осылайша, Қазақстан шекаралас елдердің тұтынушыларын да өз есебінен субсидиялауға мәжбүр болды.
Жаңа стратегия: қорды ұлғайту, инвестиция тарту
Қазіргі реформалардың мақсаты – газ саласын инвестицияға тартымды, тұрақты жүйеге көшіру. Үкімет 2028 жылға дейін бағаны нарықтық деңгейге жеткізуді көздейтін көпжылдық жол картасын іске қосты. Бұл шешім халық үшін ауыр болуы мүмкін, бірақ саланың дамуы мен инвесторлардың келешек кірісіне кепілдік береді.
Стратегияның басты бағыты – қорды және өңдеу қуатын арттыру. 2030 жылға дейін газ өндірісі 23-тен 31 млрд текше метрге жеткізіледі. 2023 жылы Анабай, Шығыс Үріктау, Рожков кен орындары іске қосылды. 2025-2026 жылдары тағы үш ірі кен орны (Батыс Прорва, Орталық Үріктау, Бархан) іске қосылады.
Атырау облысында Кашаган газын өңдейтін жаңа зауыт салынады (жылына 1 млрд текше метр, кейін 2,5 млрд). Бұл жобаларға катарлық UCC Holding сияқты шетелдік инвесторлар тартылуы – Қазақстанға деген сенімнің белгісі. Жаңаөзенде 900 млн текше метрлік ГПЗ салынады, Карачаганакта 4 млрд текше метрге дейінгі қуатты зауыт жоспарлануда.
Алматының ЖЭЦ газға ауысады, солтүстік пен шығысты газдандыруға мән берілуде. Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралінің екінші желісі салынуда (қуаты 15 млрд текше метр).
Газ транзиті де өсіп, 2024 жылы 69,6 млрд текше метрге жетті. Қазақстан аймақтағы негізгі хабқа айналып келеді.
Заңнамалық негіз және жаңа әлеуметтік келісім
Реформаның түпкі мақсаты – газ-химия өнеркәсібін дамыту, өңдеуді тереңдету. Бұл үшін жаңа сатып алу формуласы енгізіліп, бес компания өнеркәсіптік өндіріс бастауға дайын екенін мәлімдеді.
Парламентте «Газды үнемді тұтыну» туралы заң жобасы қаралып, артық тұтыну үшін көтермелі коэффициенттер енгізілмек. Автогаз нарығын дамыту, автобустарды газға ауыстыру, станциялар желісін кеңейту көзделген.
Жаңа Қазақстанның сын-қатері мен мүмкіндігі
Мұндай кең ауқымды реформалар елдің экономикалық жүйесінің жетілуін сынайтын маңызды тест. Дегенмен, мемлекет әлеуметтік қолдауды да назарда ұстап отыр. 2024 жылы халықтың әлжуаз тобына газға ваучер (жеңілдік) беру жүйесі енгізілді. Газдандыру шалғай ауылдарға дейін жетті: 2025 жылдың басында елдегі газдандыру деңгейі 62,4 пайызға жетіп, 12,6 миллион адамды қамтыды. 2040 жылға дейін газбен қамтылуы мүмкін тұрғындардың 90 пайызына дейін жеткізу көзделген.
Яғни, газдандыру – тек бизнес емес, аймақтардың сапалы өмірі мен тұрақтылықтың кепілі. Қазақстанның энергетикалық бетбұрысы – елдің жаңа экономикалық бағытының бастауы.