Бағанашылдағы балалар билікке тағы үндеу жасады

Көркем Алдабергенова 30 июл. 2025 11:26

Алматыдағы балалар үйінде тұратын балалар жөндеу жұмыстары кезінде бір-бірінен ажырап қаламыз ба деп алаңдап отыр. Олар бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемеде айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бейнеүндеуде тәрбиеленушілер жергілікті билікке қайырылып, бірге қалдыруды сұрайды.

"Бұған дейін жөндеу кезінде ешкімді бөле-жармаймыз деп уәде бердіңіздер. Ал қазір басқа ақпарат естіп жатырмыз. Бізде екі корпус бар, оның бірі бос тұр. Неге алдымен соны жөндеп, бәрімізді сонда көшірмеске? Кейін негізгі ғимаратқа реконструкция жасауға болады. Егер шын мәнінде тиімді шешім іздесеңіздер, біздің ұсыныс ең ұтымдысы", - дейді олар.

Балалардың айтуынша, жуырда мекемеге Президент әкімшілігінен өкілдер келген. Сол кезде жөндеу жұмыстары келесі жылдың көктемінен ерте басталмайтыны және тәрбиеленушілерді бос тұрған корпусқа көшіру немесе барлығына отбасылық үлгідегі үйлер салу жоспарланғаны айтылған.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жетім балаларды Қонаевқа күштеп көшіруді тоқтатуды тапсырған болатын

№1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеменің Алматыдан Қонаевқа көшіріліп жатқанына шағымданған болатын. Қоғам белсенділері Алматының элиталы ауданы – Бағанашылдағы құнды жер телімі белгісіз құрылыс компанияларының көзіне түсіп, олар бұл аумаққа тұрғын үй кешенін салғысы келетінін мәлімдеген еді.
 
Кейінірек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан тыс жерге көшірілмейтінін айтты. Әкімдік өкілдері «қазіргі уақытта қалада оқып жатқан тәрбиеленушілер оқуын бұрынғыдай жалғастыра береді, ал жаңадан қабылданған балалар Қонаев қаласына орналастырылады» деп мәлімдеді. Аймақ басшысы сол кезде «Балалар Алматыда қалғысы келетінін білдірді, өйткені орта ауыстыру олардың бейімделуі мен әлеуметтенуіне кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда маңызды рөл атқарды» деп түсіндірді.

Рекомендовать
Последние новости