Тоқаев Алматыда жетім балаларды Қонаевқа күштеп көшіруді тоқтатуды тапсырды

Көркем Алдабергенова 21 шіл. 2025 11:29

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы балалар үйі тәрбиеленушілерін көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады. 

«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді. Аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады,- дейді Руслан Желдібай. 

Еске сала кетсек, бұған дейін №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеменің Алматыдан Қонаевқа көшіріліп жатқанына шағымданған болатын. Қоғам белсенділері Алматының элиталы ауданы – Бағанашылдағы құнды жер телімі белгісіз құрылыс компанияларының көзіне түсіп, олар бұл аумаққа тұрғын үй кешенін салғысы келетінін мәлімдеген еді.
 
Кейінірек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан тыс жерге көшірілмейтінін айтты. Әкімдік өкілдері «қазіргі уақытта қалада оқып жатқан тәрбиеленушілер оқуын бұрынғыдай жалғастыра береді, ал жаңадан қабылданған балалар Қонаев қаласына орналастырылады» деп мәлімдеді. Аймақ басшысы сол кезде «Балалар Алматыда қалғысы келетінін білдірді, өйткені орта ауыстыру олардың бейімделуі мен әлеуметтенуіне кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда маңызды рөл атқарды» деп түсіндірді.
 
Ал бүгін балаларды Қонаевқа күштеп көшіріп жатқаны белгілі болды. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар