Қазақстан бес жылда шетелден қанша инвестиция тартатыны белгілі болды

Қаракөз Амантай 17 июн. 2024 15:57 2980

2023 жылы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 23,4 млрд АҚШ долларын құраса, бұл 2022 жылғы деңгейден 16,9%-ға аз, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Қазақстанның 2029 жылға дейінгі инвестициялық тұжырымдамасының жобасында жазылған. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.

"2023 жылы тікелей шетелдік инвестиция ағынының төмендеуінің басым үлесі тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Бұл, негізінен, мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қазақстандық кәсіпорындардың таза табысының қысқаруымен, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың үлесіне тиесілі дивидендтерді төлеумен түсіндіріледі. Тау-кен өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестиция жалпы ағыны бір жыл ішінде 30,3%-ға 8,4 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді, бұл ретте тікелей шетелдік инвестиция таза ағыны 2022 жылғы 4,0 млрд АҚШ долларынан  31,2 млн АҚШ долларына дейін қысқарды", – делінген құжат жобасында.

Металлургия өнеркәсібіне салынған капитал салымдарының көлемі де төмендеп келеді. Тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 4,2-ден  2,8 млрд долларға дейін төмендеді. 2022 және 2023 жылдары салаға тікелей шетелдік инвестицияның таза ағыны теріс болып, тиісінше - 534 және - 30 млн АҚШ долларын  құрады.

Бірақ бұған қарамастан, Қазақстан шетелден инвестиция тарту көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ұлттық даму жоспарына сәйкес, 2029 жылға дейін 150 млрд АҚШ доллары шетелдік инвестицияларды тарту көзделген.


Рекомендовать
Последние новости