Мәсімовтің өтініші кешірім жөніндегі комиссияға әлі түспеді - Башимов

Сағыныш Сардарова 11 июн. 2024 10:02 3924

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім беруді сұраған өтініші Президент жанындағы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияға әлі жетпеген көрінеді. Бұл туралы комиссия төрағасы, мәжіліс депутаты Марат Башимов "Азаттыққа" мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Комиссияға өтініші жеткеннен кейін ол нақты түрде қаралады. Конституция бойынша әр азаматтың комиссияға арыздануға құқығы бар. Бірақ оның өз жүйесі бар. Бірінші арыз түседі, кейін оны Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, өзінің отырған жеріне жібереді. Себебі ақпарат жинау керек. Кейін оны комиссия отырысында қарайды. Содан соң оған дауыс беріп, шешім шығарып, Президентке жібереді", - деді Башимов.

Бұған дейін Мәсімов өтінішті 2024 жылы наурызда жолдағаны белгілі болған еді.

"Құқық органдарына да бір ай беріледі. Уақыттың өз реті бар", - дейді Башимов.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алуға тырысқаны үшін сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов кешірім жасау туралы өтініш бергені мәлім болды.

Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Informburo.kz-ке мәлімдеген. Қазір Кәрім Мәсімов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында отыр.

"Шынында да, ол осы мекемеден 2024 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің атына кешірім жасау туралы өтініш жолдады", - деп хабарлаған ҰҚК.

Ведомствода Мәсімовке қатысты Қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы және 366-бабы, 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатқаны айтылды.

2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын. 

Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайтыны және мүлкі тәркіленетіні айтылды. Кәрім Мәсімов бұған қоса генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды. 

Ал оның орынбасары Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кейін апелляциялық саты К.Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеу бойынша өзгертті.


Рекомендовать
Последние новости