Қонаев қаласының тұрғындары Абай көшесінің бойында саудамен айналысатындарға жиі шағымдануда. Олардың айтуынша, саудагерлердің тығыз орналасуынан аяқ алып жүруге мүмкін емес әрі жәшіктер мен арнайы контейнерлер үнемі қоқысқа толып, шіріген жеміс-жидектің сасық иісі мүңкіп тұрады.
Тұрғындардың бұл сөзімен коммуналдық қызмет көрсетуші компания өкілдері де келісіп отыр. Сөздерінше, көше сыпырушылар саудагерлерден кейін түннің ортасына дейін жұмыс жасауға мәжбүр.
Сондықтан қалалық кәсіпкерлік бөлімі мен жергілікті полиция қызметкерлері мәселені шешу мақсатында рейдтік жұмыстарды күшейтті.
Өткен аптаның өзінде ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабына (белгiленбеген орындарда сауда жасау) сәйкес, 12 адамға айыппұл салынып, 3 тұлғаға ескерту берілді. Ал кәсіпкерлік бөлімінің ұсынған шартына саудагерлер әлі де келіспей отыр. Бұл туралы осы уақытқа дейін ақпарат таратылған болатын.
Сондай-ақ, мамандар туристер ағынының көбеюіне байланысты бизнес орындарының иелерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен бірлесіп, тазалық ережелерін сақтамаған жағдайда әкімшілік жаза қарастырылғанын ескертуде.