Қазақ тілінде сөйлеп жүрген америкалық ару Саясат Нұрбектен марапат алды

Қаракөз Амантай 11 дек. 2024 16:33 1115

Қазақ тілін дамытуға үлес қосып жүрген америкалық ару Ракель Рейнагель Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған арнайы марапатқа ие болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тіл жанашырына “Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісін табыстады.

“Қуанышымда шек жоқ, таңданысымды жасыра алмадым. Әлеуметтік желідегі өмірімді көрсету арқылы қоғамға әсер етіп, осындай құрметке ие боламын деп ойламадым. Қазақ тіліне қосқан үлесім көлдегі бір тамшы су секілді деп айтар едім. Марапат үшін қазақша сөйлемеймін. Қазақ тілінде сөйлеу – өнегелі өмір сүруім үшін жасаған саналы таңдауым. Төсбелгі үшін көп рақмет! Шын жүректен ризамын, өте қуаныштымын”, — деді блогер.


Айта кетейік, америкалық ару әлемжеліде өте белсенді. Ол үнемі қазақ тілінде сөйлеп, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп келеді.

Бұған дейін қазақша сөйлейтін АҚШ азаматы орысша қызмет көрсеткен мейрамханаларды сынға алған еді.

Ол Алматыдағы бірнеше мейрамханаға бас сұққан. Алайда басым бөлігі тек орыс тілінде қызмет көрсеткен. 

“Осы аптада Алматыда болдым. Көп мейрамхана мен кафелерге бардым. Барлық жерде тек қазақ тілінде сөйледім. Жалпы қазақ тілінде сөйлеймін. Бірақ 18 мейрамхананың тек бесеуі менімен қазақ тілінде сөйлесті”, - деп таңғалды америкалық ару.

Шетелдік азамат солай дей келе өзіне қазақ және орыс тілінде қызмет көрсеткен мейрамханалар мен кафелердің тізімін көрсеткен болатын.

“Мейрамханалардың көбі қазақ тілінде сөйлегеніме қарамастан, орысша жауап қатты. Арасында сөзімді дұрыс түсінбегендері де болды. Мен үш жыл бойы қазақ тілін үйрендім. Қазақстанда болмасам да, қазақ тілін үйрену үшін қажырлы еңбек еттім. Бірақ Алматыда ешкім менімен қазақ тілінде сөйлеспейді. Астанада да дәл солай”, - деп күйінген еді ол.


Рекомендовать
Последние новости