«Қазақ атын танытқан үш тұғыр тіл» мерекесі өткізілді

Dalanews 21 сент. 2017 09:46 967



1998 жылғы 20 қаңтарда Президентіміздің Жарлығымен 22 қыркүйек күні Қазақстанда тұратын халықтардың «Тілдер мерекесі» деп жарияланғаны белгілі.

Осыған орай 2017 жылғы қыркүйектің 20-сы Медеу ауданындағы № 32 кітапхана ұжымы және Дм. Снегин атындағы № 30 мектеп-гимназиясы бірлесіп  «Қазақ атын танытқан үш тұғыр тіл» мерекесін өткізді.

Алдыменсөз кезегі берілген мектеп-гимназия директоры Ережепова Ғалия Батиханқызы тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту барысында мемлекеттік тілге құрмет сезімдерін қалыптастыру, үш тілділік саясатын дамыту мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл мерекенің мемлекетімізде басымдыққа ие болып отырған үш тілде, яғни қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде қатар өткізілуін заманға сай дамудың белгісі ретінде қабылдау қажеттігін атап өтті.

№ 32 кітапхана «Мемлекеттік тіл – болашағым, ертеңім» атты кітап көрмесін қойды. Кітапхана қызметкері Қ. Маймыш қазақ тілінің жоғары мәртебесін айғақтайтын бірқатар жаңа кітаптармен таныстырып, қазақ тілінің тарихы, сөзжасамы, құрылымы, тілдің қоғам өміріндегі маңызы туралы т.с.с. жаңа басылымдарға шолу жасады.

«Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін», – деп, айтулы іс-шараға белсене қатысқан оқушылар қазақ халқының ана тілі ретінде және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін ерекше атап өтті.
«Тілі бөлек болғанымен, тілек бір,
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл.
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ,
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр!» – деп ұран айтқызған осы мереке балаларды ұлтаралық татулыққа, бірлікке баулудың ең бір көркем үлгісі болғандай. Іс-шара барысында мектеп оқушылары тәуелсіз еліміздің тарихы мен саяси маңызды оқиғаларын жоғары деңгейде білетінін көрсетті.



Сонымен қатар балалар түрлі ойын-сайыстарда өз қабілеттерін байқатты. Мысалы, «Тапқыр достар» сайысында үш оқушыдан екі топ құралып, әрбір топқа үш тіл бойынша сұрақтар қойылды. Сейілбекова А., Қожабашаева Д., Гиззатова М., Әділбекқызы М. т.б балалар ойынға қызығушылық танытып, белсене қатысып, сұрақтарға дұрыс жауап берді.

Бастауыш сынып оқушылары «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін үш тілде орындаса, орта буын оқушылары үш тілде өлең-жырлар, қара сөздер айтты.

Тіл мерекесінде ән айтып, би билеген балалар көрермендерді өнерімен тәнті етті. Атап айтар болсақ, оқушылар Наурызбаев Б., Жәнібекова А., Джумаева С., Тұлымбетов Д. қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде  өлеңдер оқыса, 6 «ә» «б» сынып оқушылары  Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін хор болып орындады, егіздер Жолдасова В., Жолдасова А. қазақ биін биледі.



Мектеп-гимназия директорының тәрбие жөніндегі орынбасары М.К. Жиғанбаеваның жетекшілігімен ұйымдастырылған осы тіл мерекесі:

«Әрбір тілде сөйле әлемді таң қылып,

Ана тілін білмей өскен әңгүдік.

Өсер болсаң, байтақ далаң тұрғанда,

Қазақ тілі жасау керек мәңгілік!» деп, еншімізге берілген бай, асыл, алып мұраны жас ұрпақтың әрі қарай жалғастыруы – болашақ үшін маңызы зор міндет екенін санасына сіңіргенінің айқын көрінісі болды.

Аталмыш мектеп-гимназияның директоры Ғалия Батиханқызы мен директордың орынбасары Мадина Кенжебекқызының үздік жетекшілігімен оқушылар алуан түрлі мерекелерге үнемі белсене араласып, білім және өнердің биік тұғырынан көрініп жүр. Келешекте елінің үмітін ақтай алатындай озық ойлы азаматтарды қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан мектеп басшыларына мың алғыс білдіреміз.

№ 32 кітапхана меңгерушісі
Айша Баймаханбетқызы,
ҚР мәдениет қайраткері


Рекомендовать
Последние новости