Қазан айындағы валюта нарығындағы ахуал: қарашада теңге бағамы нығаюы мүмкін

Кәмшат Тілеухан 01 нояб. 2024 11:15 2750

Ұлттық банк қазан айындағы валюта нарығындағы ахуалмен бөлісті.  Оған сәйкес, өткен айда 1 АҚШ доллары 488,23 теңге болып, ұлттық валюта бағамы 1,5%-ға әлсіреді. Қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 222 миллионнан 278 млн АҚШ долларына дейін артты, сауда-саттықтың жалпы көлемі - 6,1 млрд АҚШ доллар, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қазан айында 1 340 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 22%-ын және күніне 70 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді.

БЖЗҚ-дағы валюталық активтер үлесі 40%-ға жеткенін ескере отырып, биылғы 10 қазаннан бастап Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі үшін АҚШ долларын сатып алуды тоқтатты. Қазанда БЖЗҚ зейнетақы активтеріне шетел валютасын сатып алу сомасы 228 млн АҚШ долларын немесе нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 4%-ын құрады.

"Ұлттық банк Ұлттық қорға "Қазатомөнеркәсіп" АҚ-ның акцияларын сатып алу туралы шілдедегі Үкімет шешімін іске асыру аясында Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін сату арқылы Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтеріне конвертациялады. Нарықтық бейтараптықты сақтап, осы операцияны валюта нарығына шығару үшін Ұлттық Банк шілденің ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті", делінген Ұлттық банктің 2024 жылы 1 қарашада жариялаған хабарламасында.

Қазанда аталған операция аясында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі 253 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылғы қарашада алтын-валюта резервтерінен 130 млн АҚШ долларынан 140 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтілуде.

"Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сай, Ұлттық банк республикалық бюджетке трансферттер бөлуге 2024 жылғы қарашада Ұлттық қордан 1,2 млрд АҚШ долларынан 1,3 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде ақша шығарып, оны теңгеге айырбастайды деп күтіледі", делінген ҰБ хабарламасында. Осы фактіні негізге алған сарапшылар қараша айында теңге бағамы нығаюы мүмкін екенін болжайды.

 


Рекомендовать
Последние новости