Мәжілістің Ұлттық қордан алынатын трансфердің шекті мөлшерін белгілеуі популизм бе

Кәмшат Тілеухан 30 окт. 2024 13:29 2187

Мәжіліс Ұлттық қордан жыл сайын 2 триллион теңге алуды қолдады. Осылайша шекті көлем белгіленді. Бұл туралы бүгін, 2024 жылы 30 қазанда Мәжілістің алдағы үш жылға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңды қабылдау кезінде белгілі болды. Алайда, бұл қабылданған жаңа бастаманың алда әдірем қалу қаупі жоғары, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бұл ретте кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттің қағидаларына сәйкес анықталған. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 доллар, 2026-2027 жылдары барреліне 41 және 39,4 доллар негізінде белгіленген. Осыны ескере отырып Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша, 2025 жылы – 62,2 млрд доллар, 2026-2027 жылдары 69,9 және 78,7 доллар құрайды", - деді Мәжіліс отырысында "Ұлттық қордан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Осы жағынан алғанда, Үкімет Ұлттық банк ұсынысын қабыл алды десе де болады. Ал Ұлттық банк өткенде ғана Үкімет отырысында Ұлттық қорға түскен түсімнен алынып жатқан ақша көлемі көп екенін айтып, трансферт көлемін қысқартуды ұсынған.

"Ұлттық қор активтерінің өсімі тек инвестициялық табысты ғана қолдайды. Трансферттердің жоғары көлемі бағаларға тікелей қысым жасай отырып, ақшалай ұсыныстарды арттырады. Мұның бәрі базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендетудегі кеңістік аясын айтарлықтай шектейді", - деді 2024 жылы 15 қазанда өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, 2024 жылғы трансферттердің жалпы көлемі 6 трлн теңгеден асқан, ал 2024 жылдың басында бұл шек 3,6 трлн теңгені құрайды деп жоспарланған. Яғни,Ұлттық қордан ақша алуға келгенде Үкімет жоспардан екі есеге секірген.Осыған байланысты Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемінің шекті белгісін белгілеу ұсынылды. Бүгін Мәжіліс мақұлдаған 2 трлн осыны танытады. Алайда...

Қазақстанның 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында мұнайдың бір бареллі 75 доллар, ал теңгеге шаққанда АҚШ валютасы бағамы 470 доллар деп бекітілген. Оның үстіне 2025 жылғы ЖІӨ өсімі 5,6 пайызды, алдағы бес жылдағы орташа өсімі 5,4 пайыз деп көрсетілген. Бұған сарапшылар қауымы аң-таң. Себебі Дүниежүзілік даму банкінен бастап, тіпті жергілікті қаржылық ұйымдар ұсынған болжамда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен (3,4-4% аралығында). Оның үстіне жоспарда бекітілген мұнай мен теңге бағамы да көп күмән туғызады. Мәселен, Citigroup сарапшылары жариялаған қысқа мерзімді болжамда Brent маркалы мұнайдың бір баррелі жыл соңына дейін 74 доллардан 70 долларға дейін төмендеп, ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында 65 долларды да көрсетуі ықтимал екені айтылады. Бүгін ғана Ресейдің экспорттаушылары мен импорттаушылар қауымдастығы 2025 жылы азық-түлік бағаларының 15%-ға қымбаттауы мүмкін екенін ескертті. Мұның бәрі теңгеге теріс әсер етері сөзсіз. Оның үстіне Үкіметтің қарызы бойынша төлем (%), мәселен 2024 жылдың 9 айында 1,96 трлн теңгені (!) құрағаны мәлім. Сондықтан Үкімет мүшелері Ұлттық қордан алынатын 2 трлн теңге деген шекті мөлшерге қолды бір сілтеуі әбден мүмкін. Өйткені қымбатшылық пен құнсыздану қысқан заматта 2 трлн теңге түкке жетпейді. Сондықтан олардың биылғы көлем - 6 трлн теңгені тағы сұрап жүрмесіне ешкім кепілдік бере алмайды.  Мұндайда шырылдап жүріп, осындай бастаманы енгізу арқылы өзіне "сақтандыру жастығын" жасауға тырысқан Ұлттық банкке өзіне жүктелген басты міндеттердің бірі - базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендету арман болып қалмақ.

Жалпылай алғанда, мұндайда Мәжілістің Ұлттық қордан алынатын трансфер көлеміне шек белгілеу бастамасы тек популизм болып шыға келуі ықтимал.

 


Рекомендовать
Последние новости