"Азық-түліктердің бағасы өседі". Қазақстанға Ресейден "қымбатшылық" келе жатыр...

Кәмшат Тілеухан 30 қаз. 2024 13:07 1861

Ресей Федерациясының экспорттаушылар мен импорттаушылар қауымдастығы (РФ ЭИҚ) 2025 жылы жалпы инфляцияға, көлік шығындарының өсуіне және Орталық банктің басты сыйақы мөлшерлемесінің жоғары болуына байланысты азық-түлік бағаларының 15%-ға қымбаттауы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

РФ ЭИҚ вице-президенті Артур Леердің айтуынша, 2025 жылы сүттің орташа құны қазіргі мәннен 10-15% -ға, сиыр етінің бағасы 12%-ға, шошқа етінің бағасы 10%-ға, жемістер мен көкөністер 15-20%-ға қымбаттауы мүмкін. Жалпы өсім шамамен 15% құрайды.

Бағалар өсімі Ресейдегі жоғары инфляциямен, ТКШ қызметтерінің, көлік тарифтерімен, жоғары базалық мөлшерлемемен, қымбат несиелермен және т.б. байланысты.

Ресейдегі инфляция Қазақстанда да тікелей көрініс табады, өйткені біз азық-түліктің көп бөлігін Ресейден импорттаймыз, осылайша ресейлік инфляцияны да қоса "сатып аламыз". 2024 жылдың тек бірінші жартыжылдығында Қазақстан 2,2 млрд доллардан артық сомаға ресейлік өнімдерді сатып алған.  

ҚР Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі баяндамасында келтірілгендей, Қазақстан Ресейден (барлық импорттан) консервіленген көкөністердің 88%-ын, қанттың 71%-ын, шұжық өнімдерінің 67%-ын және сүзбенің 44%-ын импорттайды. Мұндай жағдай Ресейдегі инфляция Қазақстан нарығына да тікелей әсер ететінін көрсетеді.

Серіктес елдердегі геосаяси және экономикалық жағдайдағы өзгерістер Қазақстандағы бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін, - деп атап өтті ҚР Ұлттық банк мамандары.Мәселен, 2022 жылы геосаяси шиеленіс, әлемдегі инфляцияның өсуі және теңгенің номиналды бағамының құнсыздануы аясында Қазақстанда импорттық инфляция көлемі айтарлықтай өсті. Оның азық-түлік инфляциясындағы үлесі бір жыл ішінде орташа есеппен, яғнм 2021 жылғы 2%-дан 2022 жылы 5,8%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, Ресейден азық-түлік тауарлары көп импортталатындығына ерекше назар аудару керек.

"... Бұл тұрғыда Ресейдегі инфляцияның үдеуі және рубльге шаққанда теңге бағамының әлсіреуі Қазақстандағы азық-түлік инфляциясының жеделдету тәуекелдерін арттыруы мүмкін", делінген ҚР Ұлттық банкі баяндамасында.

 

Сонымен қатар, Ұлттық банк атап өткен Ресейдегі жағдайға байланысты тағы бір қатер бар.

"Қазіргі уақытта Ресей санкцияларға байланысты жұмыс күшінің тапшылығына, сондай-ақ өндірістік қуат шектеулеріне тап болуда.  Бұл өндіріс салаларындағы қысымды күшейтеді, онда да тұтынушылық сұраныстың жоғары болуы сипатында. Егер шектеулер сақталса немесе санкциялар күшейтілсе, Қазақстанға импортталатын азық-түлік тауарлары көлемінің қысқару қаупі бар", делінген ҚР Ұлттық банкі баяндамасында.   

Осы жағынан алғанда, алдағы уақытта азық-түлік бағасының қымбаттауы Қазақстандағы инфляция деңгейінің өсуіне ықпал етуі мүмкін. Бұл жағдай, әсіресе, халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етіп, қазақстандықтардың негізгі тұтыну тауарларына деген шығындарын арттырады.

Бұған дейін Сауда министрлігі азық-түлік бағалары өсіміне қатысты мәлімдеме жасағанын жазған болатынбыз. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар