Қайтарылған жерлер игерілмей жатыр - депутат

Көркем Алдабергенова 10 сент. 2025 12:08

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына орай депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы әр Жолдауында «Әділетті Қазақстан» құрудағы ұстанымдарының мызғымастығын көрсетіп келеді. «Ықпалды Парламент», «Заң және тәртіп», «Еститін мемлекет», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» сияқты саяси тұжырымдар қоғам санасының ажырамас бөлігіне айналды.

"Жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешудің негізінде нақты жобалық тәсіл жатыр. «AMANAT» партиясы да осы жолды ұстанып келеді. Мәселен, үш жыл ішінде «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмаған және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару бойынша ауқымды жұмыс атқарылды", – деді Саиров.

Оның сөзінше, 2022 жылдан бері мемлекетке 13,5 млн гектар жер қайтарылған. Бірақ соның тек 6 млн гектары ғана жаңа жер пайдаланушыларға берілген.

Депутат бұл жағдай 7,5 млн гектар жердің бос тұруына, ал 82,9 млн гектар жер қорының тиімсіз пайдаланылуына әкелгенін атап өтті. Бұған қоса, 29 млн гектар жер деградацияға ұшыраған, оның ішінде 3 млн гектарға жуық аумақ тұздануға бейім.

"Жерді тиімді бөлу үшін топырақтың сапалық жағдайы, әлеуетті өнімділігі және ауыл шаруашылығы өндірісінің түрлі түрлеріне жарамдылығы туралы нақты ақпарат қажет. Алайда Қазақстанда жердің деградациясы мен жарамдылығы туралы деректерді жинақтайтын бірыңғай ақпараттық жүйе жоқ", – деді ол.

Саировтың айтуынша, бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігіне, инвестициялық тартымдылыққа және ауылдағы жұмыспен қамтылуға тікелей әсер етеді. Сондықтан Президент өз Жолдауында жер тек оның құндылығын түсінетін азаматтарға берілетінін атап, жер ресурстарының Цифрлық картасын жасауды тапсырды.

«AMANAT» фракциясының депутаттары төмендегі шараларды шұғыл жүзеге асыруды ұсынады:

  1. Келесі егіс науқанына дейін қалған 7,5 млн гектар жерді ауыл тұрғындарына әділ, ашық және заңды түрде бөлу;

  2. Жер ресурстарының Цифрлық картасы мен жайылым кадастрын жедел іске қосу, бұл фермерлер мен ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;

  3. Жердің нақты деректерін кадастрлық мәліметтермен біріктіру.


Рекомендовать
Последние новости