"Жаһандық турбуленттілік жағдайында жаңа Салық кодексін қабылдау - реформа емес, қауіп-қатерге бас тігу". Осылай деп басталатын желідегі жазбасында кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов (белгілі тележүргізуші Динара Сәтжанның күйеуі) Үкімет пен Мәжіліске бірқатар ұсыныс жасапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазір АҚШ пен Қытай тариф соғысына бойлай бастағанда, Еуропалық Одақ қорғаныс шараларын, ал Ресей мен Үндістан импортты алмастырудың белсенді саясатын жүзеге асырып жатқанда, біз мына жақта ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеруді қамтитын Салық кодексін қайта қарастырып "мәзбіз". Бізде 20%-дық ҚҚС деген болған: 1990-шы және 2000-шы жылдардың басында. Бұл көрсеткіш бюджеттің өсіміне қол жеткізуге мүмкіндік бермеді, есесіне кәсіпкерлердің көбісінің "көлеңкелі экономикаға" кетуіне сеп болды. Содан кейін үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 12%-ға дейін төмендету туралы дұрыс шешім қабылдады", деп жазады ол Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, бизнес онсыз да күйзелісте: инфляция, энергия ресурстары мен логистика тарифтерінің қымбаттауы, сұраныстың тұрақсыздығы дегендей.
"Инвестициялар ертеңгі күнге деген сенімділікті талап етеді. Фискалдық саясат айнымалы мәнге айналғанда, капитал ережелері тұрақты жаққа тізгін қағады. Сонымен қатар... Бізге импортты цифрландыру өте қажет, бұл ашық және адал экономиканың негізі. Қытайдан келетін импорт та цифрлық бақылауды қажет етеді. @ Paryz_org конфедерациясы импортты цифрлай тіркеуді міндеттуді, оның ішінде күдікті жеткізілімдерді автоматты түрде анықтай отырып, ТНВЭД кодтары бойынша аналитикалық жүйелерді құру арқылы енгізуді ұсынады. Бұл кедендік әкімшілендіруді де, протекционистік саясаттың тиімділігін де күшейтеді", - дейді кәсіпкер.
Ол протекционизм АҚШ, Қытай, Үндістан, Ресей, тіпті Өзбекстанда да белсенді қолданылатыны, өз бизнесін қолдаусыз мемлекеттің өндірістік әлеуетінен айрылу қаупі барын нақтылайды.
"Біздің елде қалған әрбір доллар отандық экономикаға шетелге кететін әрбір 80 центтен әлдеқайда көп пайда әкеледі", - дейді Жанықұлов.
Осылай деген ол Үкімет пен Мәжіліске мыналарды ұсынады:
- Салық реформасын кейінге қалдыра тұру, онда да оның салдарын бағалап алғанға және сыртқы экономикалық факторлар әбден тұрақтанғанға дейін.
- ТНВЭД кодтары бойынша міндетті классификация бойынша шекарада импорт тауарларға цифрлық бақылауды енгізу.
- Ұлттық протекционистік саясатты отандық өндірістің басымдығымен жедел іске асыру.
- Күрт фискалдық өзгерістерден бас тарту арқылы инвестициялық климаттың тұрақтылығын қамтамасыз ету.