Қасым-Жомарт Тоқаев: "Сорос қалай сабасына түсті?"

Dalanews 03 июл. 2019 03:09 1027

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі қаржыгер Джордж Сороспен сөз таластырған сәтін «Нұр және көлеңке» атты кітабында былай деп еске алыпты.

 АҚШ-тағы беделді де белгілі ұйым – Азиялық қоғам ұйымдастырған конференцияның барысында Джордж Сороспен пікірталасымды еске түсіре кетуді жөн көрдім.

 Бұл форум Алматыда 2005 жылы маусымда, яғни президенттік сайлаудан жарты жыл бұрын өткен. Сондықтан аталған конференцияға бұқаралық ақпарат құралдары мен елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар зор қызығушылық танытты. 

Джордж Сорос жөнінде бірер сөз. Ол валюталық биржалардағы айлалы, әккі операциялар барысында өзіне аса үлкен байлық жиып алған миллиардер, өзінің асып-тасқан күш-жігерін (ақшасын да) жер шарының еуразиялық бөлігіндегі демократиялық процестерді қолдауға жұмсап отырады.

Ол КСРО мен Югославияның орнында құрылған жаңа тәуелсіз мемлекеттерге айрықша назар аударды. Демократияның өрістеуінде табысқа қол жеткізу үшін Сорос «Ашық қоғам» деген мағынасы сан қырлы атаумен арнайы қор құрады. Бұл мекеме «транзитті» елдерге батыс құндылықтарын енгізудің құралы ретінде дау-дамайлы, шырғалаңды атақты иеленді. 

Кейбір саясаткерлер сеніммен айтып жүргендей, бұл қордың қызметі дамушы елдердің ішкі мәселесіне қол сұғуға бағытталған деп біржақты айтуға болмайды.

Соростың жолын ұстанушылар зияткерлік құндылықтарды қолдау мен қоғамдық ғылымдарды дамытуда көптеген пайдалы шаруалар атқарады. 

Азия қоғамы конференциясының басталуы жайбарақат жағдайда өтіп жатты, буырқанысты пікірталастардың ешбір нышаны да байқалмады. Азия қоғамының президенті Ричард Холбруктың, ең басты қонақтың өзін сәл еркіндеу ұстағаны ғана көзге бірден шалынды. 

Бұл кісі АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары ретінде кезінде аты әлемге танылған.
Атақты дипломат конференцияны ұйымдастырушылардың форумның америкалық тобын басқару жөніндегі шақыруын қабыл алды. Ол біздің өңірге алғаш рет келді.

Осы конференцияның үстінде Холбрук мені «keynote speaker», яғни негізгі баяндамашы деп таныстырып, менің есімімді естір құлаққа танымастай бұзып айтты және өмірбаянымның кейбір нақты фактілерін шатастырып алды.


Мен, әрине, бұл шалағайлыққа аса мән беріп жатпадым, алғашқы сөзімді Алматы форумына қатысуға ілтипат танытқан америкалық қонақтың атына мақтау айтудан бастадым.

Азиялық қоғамның жоғары бедел деңгейін және шетелдердің саяси топтары, дипломатиясы мен бизнес қоғамдастығы қатысқан сапалық құрамын ескере келе, сөйлейтін сөзіме барынша жауапкершілікпен дайындалдым.

Қарсаңдағы күні ағылшын тілінде қазіргі заманғы халықаралық ахуалдың мейлінше өткір проблемаларына деген көзқарастарымызды баяндайтын конспект жасап алған едім.

Қошемет қолшапалақтаулардан соң конференцияға қатысушылардың сұрақтарына жауап бердім де, ескі таныстарыммен қош-есендесіп, конференция залынан шығып кететінімді аңғарттым.

Соның артынша Холбрук қасыма келіп, келесі сессияда қозғалатын мәселенің басты тұлғасы Сорос болатынын айтып, қалуымды өтінді. Мен қарсылық білдіріп жатпадым, әлдебір қызықтың боларын іштей сезгендей едім.

 

Соростың сыны


Бұдан кейінгі әңгіме беталысы менің ойлағанымнан да асып түсті. 
Саяси меценат көп сөз таластырып жатпай, төтенше әрі турасынан қазақстандық билікті сынаудан бастады.

Әйтсе де Соростың біздің еліміз туралы айтқаны бұл ретте «сын» деген сөздің мән-мағынасынан алшақ кетті. Журналистердің бірі ондықтан дәлдеп атқандай, бұл қазақстандық биліктің ішкі саясатына «аңдатпай келіп ауыз салғандай» болып шықты.

Баяндамашы жасының егделігіне қарамастан, ой-санасы сергек, жігерлі адам екен.
Омырау қалтасынан мәтін жазылған парақша қағазды алып, аудиторияның өзіне бұрылған назарына масаттанған қалпында даусын салмақтап, айыптау тұжырымын оқи бастады.

Сорос Қазақстанның саяси реформада кейін қарай құлдырағанын, шын мәнінде, елді басқарудың қуғын-сүргіндік әдісіне дейін төмендегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, біздің еліміз жол айрығында тұр, онда ақ пен қараның күресі жатыр, билік авторитаризмге, демократияға қысым жасаушылыққа, тоталитаризмге қарай құлдырап барады. 

Бұл Сорос сөзінің саяси тұрғыдағы бөлігі екен.

Оның сөзінің экономикалық құрамдасы Ұлттық қордың қаражатын «әділетті тұрғыдан» бөлу керек дегенге келіп сайды. Бұл орайда ол Алясканың тәжірибесіне сілтеме жасады.


Валютамен саудагерлік жасаудан үлкен байлықты иеленген атақты бизнесшінің аузынан мұндай пайымды есту тіпті де таңғаларлықтай болғанын айтып жатудың өзі артық.

Басқа-басқа, мұндай саясаттың теріс салдарын оның анық білуі керек еді ғой. Оның бұл ақыл үйретушілік сөзіне экономика министрі Қ.Келімбетов дәлелді жауап берді, ол Аляска тәжірибесін ақша массасына қатаң шектеу мен мемлекеттік қаражатқа бақылау жасау саясатын жүргізіп отырған Қазақстанға қолданудың қателік екенін айтты.

Басқаша болған жағдайда біздің еліміз инфляцияның шырмауына түсуі мүмкін, мұндай жағдайды ол 90-жылдардың басында кешірген болатын. 

 

Сынға жауап


Бұдан соң менің пікірталасқа шығуыма тура келді.

 Мен Соростың Қазақстан демократияның пайдасына түбегейлі таңдау жасай алмай, көпе-көрнеу кері шегініс жасап отыр деген пікіріне қарсылық білдірдім.

Біздің еліміздің әлі жас екенін, өзінің тарихи таңдауын әлдеқашан, Сороспен танысқанға дейін жасағанын баса айттым.


Тәуелсіздігінің 13-жылдығын таяуда ғана атап өткен елден еркін қоғам құрудың ғасырлық дәстүрін иеленген мемлекеттерге тән демократиялық құндылықтарға жетуді талап ету әділдіктен алшақ кеткен қисынсыздыққа жатар еді.

Бұл дегеніңіз – жүз жасаған қарт адамның даналығын өмір жолын енді бастаған жасөспірімнен талап еткендей. Еліміздің саяси дамуындағы айқын ілгерілеулерді бостан-босқа сынап, терістеудің орнына Сорос неғұрлым ойлы да сындарлы пікірін айтса, Қазақстан жұртшылығы мұнысын лайықты бағалар еді.

Өйткені Қазақстан өзінің демократиялық дамуына қатысты айтылар іскерлікті, байыпты кеңеске зәру. 
Менің сөзімді шетелдік журналистер мен саясатшылар ғана емес, шетелдік компаниялардың өкілдері тола отырған зал қошеметпен қабылдады.

Аудиторияның ыңғайынан америкалық «миссионерлердің» «жарапазаны» басқа елдерде қолдау таппайтынын аңғарған сезіммен шықтым. Және бір қызығы, осындай әрекеттерді басқа елдерге, әсіресе Ирак соғысынан кейін Америкаға қарсы көңіл күйдің өршуінен уайым жеген АҚШ-тың өз азаматтары да құптай қоймайды.

 Отырыс аяқталған соң америкалық компаниялардың өкілдері маған келіп, елдегі инвестициялық ахуал мен демократия құру жолында көп шаруа тыңдырған қазақ көшбасшысына шабуыл жасаймын деп Соростың «асыра сілтеңкіреп» жібергенін айтысты.

Соросқа келсек, ол өзіне қарсы жасаған қызу шабуылыма ешбір өкпе сақтамады. Екеуара «жылы тілқатысулардан»  кейін біздер саяси реформалар мен азаматтық қоғам құру жөнінде сөз қозғадық.

 

Мақсат орындалды


Қазақстанға Соростың қалай қарайтыны Азия қоғамы конференциясында оның сөйлеген сөзінен-ақ білініп қалды. Ол алдына қойған міндетін өзі ойлағанынан да асыра орындағанын мойындау керек.

Оның сөзін көптеген ақпарат агенттіктері сол заматта таратып үлгерді. Мақсат орындалды, Қазақстанда демократия мен азаматтық еркіндік мәселесінде бәрі де ойдағыдай емес екендігін әлем білді.


Сабасына түскен Сороспен әңгіме үстінде мен бұл жәйтті жақсы түсініп отырдым. Оның сол жалақор сөзі жауапсыз қалмағаны ғана көңілге медеу болды, оған қарата айтылған қарсы уәжі бар жауаптар қысқартылып берсе де, шетелдік БАҚ құралдарының жаңалық хабарларында көрініс тапты.

Менің сөзім жанды жеріне тиген оппозиция басшыларының бірінің қарсылық білдіргені есімде қалыпты.

Ол сөз алып, қояншығы ұстаған адамдай дүрсе қоя берді. Абыржып-абдыраған әлгі байғұс бұлардың алдында «кеңес дипломатиясының нағыз өкілі» сөйлегенін айтып, шын мәнінде, айқайға басты.

Оның айтуынша, Қазақстанның сыртқы істер министрі Кариб дағдарысы кезінде шындықты жұрттан жасырып, кеңес зымырандарының Кубада орналасқанын бүркемелеген Громыкодан ешбір айырмасы болмады.

 Осы арада шешен кеңес дипломатиясы басшысының сол зұлымдығына, сірә  қатты шамданып кеткен болуы керек, Соростың бас шұлғып, мақұлдауын арқаланып, министрдің айтқанына ешқандай да сенбеу керек, ол шетелдің қоғамдық пікірін әдейі адастыруға тырысып отыр деп мәлімдеме жасады.

Осы шатақтың еріксіз куәгері болған көпшілік өз ойын өзі қызықтап масаттанған шешеннің судыр сөзін естуден ыңғайсызданып отырғандай көрінді маған, өйткені билікке наразылығын, жанжалсыз әрі өрекпімей-ақ, өзі мейлінше ұнатпайтын ел басшылығына шара қолдануға шақырмай-ақ, басқаша түрде айтуына болар еді. 

 

Соростың сабасына түсуінің мәнісі


Соростың сабасына түсуінің мәнісі, кейін мәлім болғандай, тіпті қарапайым екен. Өзінің әлгі қатқыл сөзінен кейін оны біздің президент қабылдап, байыпты мәнерімен Қазақстанның ішкі саясатын түсіндіріп береді.

 Осы әңгімеден соң «оңтайластырғыш» мамандар оны жан-жағынан қаумалап, келешегі жоқ саяси жобалармен айналысуды тоқтатып, бизнес саласындағы қолда бар мүмкіндіктерге көңіл аударуға ұсыныс-кеңестерін айтады.

Епті де аңғарымды Сорос Қазақстанның атына сын айтумен ұзаққа бармайтынын  әрі оның үстіне өзі бизнес тұрғысынан бұл істің тиімсіз екенін түйсінсе керек. 


Сорос демократия әліппесін үйреткісі келген сол конференцияның өткеніне де үш жылдан асыпты. Осы мезгіл ішінде талай оқиғалар, соның ішінде президент сайлауы да өтті, бірақ сол саяси коммерсанттың үні мұхиттың арғы жағынан естілмей қалғанын былай қойғанда, Қазақстанда қарасы да көрінбей кетті.

Бәлкім, өзі жек көретін, қылмысты деп атаған Буш режиміне қарсы күреске бел шешіп кірісіп кеткен болар немесе Қытай юаньын күйретудің және бірыңғай Азия валютасын жасау жоспарына қалай қарсы тұруды ойластырып жатқан шығар.

Әлде өзі ашықтан-ашық жек көретін ел-жарты миллиард долларын жоғалтып, билік иелері оның қорын жабуға шешім қабылдаған Ресейдің болашағы жайында бас қатырып жүр ме екен.

Сараптай келгенде түйгеніміз, Мәскеуде қартаң миллиардерге тиімді бизнес жобасын жасау туралы ұсыныс айту ешкімнің де ойына кіріп-шықпаған тәрізді.

 

Рекомендовать
Последние новости