Қарин: "Бүгінгі мақаланың ойы неде?"

Dalanews 21 нояб. 2018 10:21 995

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ел арасында терең талқылаулар мен қызу пікірталасқа үлкен негіз болмақ.

Мұндай пікірді Фейсбук парақшасында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин білдірді

«Бүгін бәріміздің іздегеніміз ел газеті «Егемен» болды.


Ұлттық сана-сезімнің негізгі бір тірегі - тарихи сана-сезім. Әрбір жеке адамға өз өміріндегі миссиясын түсіну үшін өзінің арғы тегін, ата-бабаларының жолын білуі қандай қажетті болса, дәл солай жалпы ұлттың миссиясын, жалпы адамзат өркениетіндегі орнын айқындау үшін ол өзінің тарихи орнын анықтап білгені дұрыс», - деп жазды Ерлан Қарин Фейсбуктегі парақшасында.

Оның атап өткеніндей, ұлттық тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ұлт болып ұйысу процесіне тарихи тақырыптарға қатысты дискуссиялар қозғаушы күш болып отырған.

«Естеріңізде болса, 90 жылдары ұлттық сана-сезімге үлкен дүмпу берген де тарихқа қатысты пікірталастар. Сол кезде пайда болған тарихтың ақтаңдақтары мәселесі, репрессия кезінде құрбан болғандарды ақтау, Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғырту, баһадүр батыр бабаларымыздың астарын беріп, тойларын атап өту - ұлттық тарихи сана-сезімнің қалыптасуына үлкен серпіліс берді.

Одан кейін, жаңа мыңжылдыққа аяқ басқанда, Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы - ұлттық тарихымыздағы жоғымызды түгендеп, жинақтауға мүмкіндік тудырды.

2013 жылы Елбасының бастамасымен ұлттық тарихты академиялық тұрғыдан түгендеу жолында жұмыстар жүргізілді.

Өткен жылғы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осы дискуссияларға тағы бір қозғау салды.


Ал, бүгінгі мақаланы Елбасының ұлттық тарих жөніндегі тақырыптық туындысы деп қарастыруға болмайды. «Ұлы даланың жеті қыры» - ұлтты жаңа ойларға жетелейтін кезекті бағдарламалық мақала», - дейді ол.

Ерлан Қарин айтуынша, осының  алдындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала қазақ қоғамының күн тәртібін анықтауға мүмкіндік берсе, бүгінгі жарияланған мақала ұлттық сана-сезімнің қалыптасуындағы жаңа дискурс болмақ.

«Бүгінгі мақаланың ойы неде? Бүгінгі күнге дейін біз тарихымызды жинақтап, толықтырып, бары мен жоғын анықтаумен келдік.

Ендігі ретте қазақ ұлтының әлемдік өркениеттегі орнын және үлесін көрсету. Түсінген адам үшін шын мәнісінде мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігі шарттарының бірі.

Мемлекеттің болашақтағы өміршеңдігінің тиісті институционалды шарттарға: мемлекеттік құрылымы, шекарасы, ұлттық валютасы, экономикасы, әскері, мемлекеттік институттарымен қатар рухани құндылықтармен де анықталады.

Біз жапон, қытай, араб мәдениеттерімен тамсанып, сүйсінеміз. Олар сол мәдениеттерін көрсете алғандарының арқасында мемлекеттілігінің өміршеңдігін де қалыптастыра алды.


Бұл ұлттық мәдениеттер ертең оңай жоғалып кетпейді. Жаһандану заманында қазақ ұлты өз орнын сақтап қалуы үшін, сонымен қатар, басқаларға адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді көрсете білуіміз керек», - дейді Ерлан Қарин.

Қарин сонымен бірге қазақтың кездейсоқ пайда болған, әлемдік периферияда кездейсоқ факторлар әсерінен қалыптасқан ұлт емес екенін айтыпты.

«Біз мыңдаған жылдар бойы адамзат өркениетінің қалыптасуына әрқашан үлес қосып қоймай, тіпті үлкен әлемдік тарихи процестердің ортасында болдық.

Біз Жібек жолының бойында емес - біз Жібек жолының тоғысқан орны болдық.


Біз Батыс пен Шығыс арасындағы өркениеттерді байланыстырдық. Сол арқылы қазақ мәдениеті өз алдына бөлек өркениет болып қалыптаса алды. Қазақ мәдениеті әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі, өзегі. Түркі мәдениеті, ислам мәдениеті, көшпелі мәдениеттердің эпицентрінде болған қазақтың санасына өзінің бай мәдениетінің орнын анықтауымыз қажет.

Бұл мемлекеттіліктің бір маңызды тірегі. Біз Мемлекеттілікті құрдық, енді мемлекетшілдікті қалыптастыруымыз керек.


Ал мемлекетшілдіктің негізгі алғышарты - ұлттық сана-сезім мен тарихи сана-сезім. Бүгінгі мақала қазақ қоғамына терең пікір қалыптастыруға, көлемді дискуссияларға үлкен негіз болмақ», - дейді Ерлан Қарин.

Еске сала кетсек, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланған болатын.

 

Рекомендовать
Последние новости