Қарулы күштер саласына қатысы бар мекеменің бас директорының міндетін атқарушы ұсталды

Сағыныш Сардарова 29 февр. 2024 11:35 2859

"Қазарнаулыэкспорт" РМК бас директорының міндетін атқарушы Аршат Аяғанов ұсталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігі 23 ақпанда броньдалған әскери техниканы жеткізу бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау кезінде қызметтік өкілеттіктерін өз мақсатына пайдаланды деген күдік бойынша "Қазарнаулыэкспорт" РМК бас директорының міндетін атқарушыны ұстады. Агенттік тергеу мақсатына сай өзге ақпараттарды жария етпеді.

Аршат Аяғанов 1988 жылы дүниеге келген. Ол былтыр ғана "Қазарнаулыэкспорт" РМК бас директорының міндетін атқарушы қызметіне келген еді.

Былтыр қарашада да Қаржылық мониторинг агенттігі Бас әскери прокуратураның үйлестіруімен "Қазарнаулыэкспорт" РМК лауазымды тұлғалары мен бақылауындағы заңды тұлғалардың басшыларын ұстаған еді.

"Олар мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындау аясында бағаны көтеру арқылы әскери және әскери-техникалық мақсаттағы тауарларды (өнімдерді) сатып алу кезінде 1 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген.

«Қазарнаулыэкспорт» РМК Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдарына, мемлекеттік материалдық резервтерге, жұмылдыру, ғарыш қызметіне азаматтардың қорғаныс қабілетін және құқықтық тәртіпті сақтауда көмек көрсетеді.


Рекомендовать
Последние новости