Назарбаев Марат Оспановтың потенциалынан қорықты ма?

Сағыныш Сардарова 27 февр. 2024 16:02 3883

Қоғам қайраткері, бұрынғы Мәжіліс депутаты Төлеген Қуанышев Orda life бағдарламасына берген сұхбатында марқұм саясаткер Марат Оспанов пен бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арақатынасы туралы әңгімеледі, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қуанышевтің пікірінше, 51 жасында көз жұмған Марат Оспановтың өліміне экс-президенттің қатысы барын дәлелдейтіндей ешқандай дәйек жоқ.

"Олай деуге әрбір адамның қолында дәлел болуы керек. Сондықтан да сыртынан тон пішкеніміз ретсіз болар. Менің қолымда дәлел жоқ. Дәл солай болды деп айта алмаймын.

Медициналық қорытынды бар ғой, сол жерде қан қысымынан дүние салды деген қорытындысы бар. Біз соны негізге аламыз. Одан да жас азаматтар кетіп жатыр ғой. Мен ресми қорытындыны негізге аламын", - деді бұрынғы шенеунік.

Оның сөзінше, Оспанов Назарбаевтың көзіне бірден түскен.

"Бұл жерде (Назарбаев пен Оспановтың қарым-қатынасына - еск.) сырттай баға бере аламыз. Мәкеңнің өзінің тұлғалық мінезі бар. Ол қайбір мәселе болмасын іштей қорытындылап, соны байыптап, содан кейін ғана жауап беретін. Тіл мәселесіне, шекара мәселесіне келген уақыттарда қатты тойтарыстар, сөз таластар болған жерлер де болды. Ел мүддесін қорғай алмайтындай жағдайлар туындағанда үзіліс жариялап жіберіп, қағаздарды, тәжірибелерді қарап, оқып біліп, содан кейін жауап беретін еді. Сондай қасиетімен көпке танылды.

Ел президентінің де көңілінен шығып жүрген жайын байқадық", - деді Қуанышев.

Бұрынғы депутат Төлеген Қуанышев Марат Оспановтың президент сайлауына түсуге қауқары толық жеткенін айтты.

"Болған шығар (Президент болуға амбициясы - еск.). Қай-қай жағынан да дайын жігіт еді ғой.

Саяси жағынан да, экономикалық жағынан да, заң жағынан да. Халықаралық саясаткерлердің арасында да беделі жоғары болатын.

Демократиялық тұрғысынан Президенттік сайлау өткізетін болса, дәл сол мезгілдерде қатысуы мүмкін еді. Жеңу-жеңбеуі екіталай.

Бірақ өзін саясаткер ретінде көрсететіндей қабілеті болатын", - деді ол.

Марат Оспанов Қазақстан Парламенті мәжілісінің тұңғыш төрағасы қызметін атқарған. 1999-2000 жылдары "Отан" партиясы төрағасының орынбасары, 1995-2005 жылдары 1 және 2-шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. Қоғам қайраткері 2000 жылдың басында небәрі 51 жасында Алматыда көз жұмған.


Рекомендовать
Последние новости