Қаржы министрлігі бюджет бойынша Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарының 90%-ын қабылдады

Кәмшат Тілеухан 21 нояб. 2024 16:29 200

ҚР Қаржы министрлігі 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарының шамамен 90%-ын қабылдады. Мәселен, жаңа үш жылдық бюджетті қарастыру аясында Жоғары аудиторлық палата жалпы сомасы 132 млрд теңгеге ұсынымдар берген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарының орындалуы бойынша норма қазір Парламент қарауында. Бұл туралы 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы қаралған Сенаттың жалпы отырысынан кейін ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтып берді.

Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палата жұмыс қорытындысы бойынша не нұсқама, не ұсыным беретінін атап өтті. Нұсқамалар толық көлемде орындалады және Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады. Ал ұсынымдар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қалауы бойынша орындалады.

"Соңғы 5 жылда Жоғары аудиторлық палата тарапынан берілген ұсынымдарға қарасақ, жүйелік сипаттағы ұсынымдардың шамамен 70%-ы орындалғанын көреміз. Белгілі бір бюджет қаражатын оңтайландыруға бағытталған рәсімдік сипаттағы ұсынымдар бойынша орындалу пайызы төменірек", — деді ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Сонымен бірге Әлихан Смайылов биыл ұсынымдардың орындалу деңгейі оң динамика көрсетіп отырғанын атап өтті. Мәселен, жаңа үш жылдық бюджетті қарастыру аясында Жоғары аудиторлық палата жалпы сомасы 132 млрд теңгеге ұсынымдар берді: 3 млрд теңгеге шығыстарды қысқарту, 12 млрд теңгеге қосымша қаржыландыру, 117 млрд теңгеге қаражатты қайта бөлу.

"Қаржы министрлігінің бізге берген ақпаратына сәйкес ұсынымдардың 90%-ы мақұлданды және қабылданды. Яғни, 132 млрд теңгенің 116 млрд теңгесі бойынша ұсынымдар қолдау тапты. Сондықтан биыл ұсынымдарды орындау бойынша жағдай әлдеқайда жақсы", — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов қазіргі уақытта ҚР Жоғары аудиторлық палатасының ұсынымдарының дәрежесін көтеруге арналған нормалар Мәжіліс қарауында екенін атап өтті.

"Атап айтқанда, Үкіметтің өткен жылғы бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебінде Үкімет Парламент алдында Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарының орындалуы туралы есеп беретін міндетті бөлім болуға тиіс. Сонымен қатар ұсынымдардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның келісімімен бақылаудан алынатыны туралы да норманы ұсынып отырмыз. Осы нормаларды қабылдау арқылы жағдай айтарлықтай жақсарады деп ойлаймын", деп қорытындылады өз сөзін Әлихан Смайылов.


Рекомендовать
Последние новости