Қарасайдағы трагедия: Полиция баланы ит қабу ісіне байланысты түсініктеме берді

Көркем Алдабергенова 01 июл. 2025 17:49

Алматы облысының полиция департаменті баланы иттің қабуына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кәмелетке толмаған баланың денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс тіркеп, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. 

"Қазіргі таңда оқиғаның куәгерлерінен жауап алынып, барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады", - дейді полицейлер редакция тілшісіне берген жауабында. 

Бұл ретте реабилитация орталығының лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Барлық кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тартылады.

"Полиция департаменті тұрғындарға жан-жануарлар болуы мүмкін қоршалған аумақтардың жанында сақ болуды ескертеді! Ата-аналар мен заңды өкілдеріне балаларының бос уақытын қадағалап, оларға қатаң түрде жеке қауіпсіздік шараларын түсіндіруді өтінеді", - дейді полицейлер. 

Еске салайық, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде 10 жасар баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Оқиға 30 мамырда болған. Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізіп бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген. 

Қазір 10 жасар бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алып жатыр. Баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, ұлының жағдайы өте қиын.


Рекомендовать
Последние новости