Арал ауданында Көкарал бөгеті қайта қалпына келтірілуде: жобаның құны – 4,5 млрд теңге

Ақтоты Жапатова 30 июн. 2025 09:54

Арал ауданында Көкарал бөгеті қайта қалпына келтіріліп жатыр. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов бөгеттің қалпына келтіру жұмыстарымен танысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 14 мамырдағы аймаққа жұмыс сапарында Үкімет пен облыс әкімдігіне "Көкарал" бөгетін қалпына келтіруде шұғыл шаралар қабылдау тапсырылған болатын.

Осы тапсырма бойынша «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды.

Жобаның жалпы құны – 4,5 млрд теңге. Тапсырыс беруші – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі. Жобаның мердігері – «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы.

Жобаны іске асыру мерзімі 2022-2026 жылдар аралығын қамтиды. Осы кезеңде жұмыс кезең-кезеңімен қаржыландырылып келеді.

Жоба шеңберінде зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп, "Қарашалаң" көлі арқылы теңізге екі арна және "Тұщы" көлі арқылы бір арна қазу жоспарланған. Бұл Кіші Арал теңізінің оңтүстік бөлігінде тұрақты су айналымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аталған ірі экологиялық жоба Арал өңірінің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруге, су ресурстарын тиімді пайдалануға және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.


Рекомендовать
Последние новости