Қарсыласын сайлау науқанынан бас тартуға үгіттеп, өз штабына қосылуға шақырған Салтанат Тұрсынбекова Әбденнің бағдарламасын әбден талғанын мәлім етті.
"Қарақат Жақсылыққызының бағдарламасын талдап, кездесулерін сараптай келе, кей тұстарда ойымыз тоғысатынын түсінемін.
Бірақ айта кетейін, Қарақат Жақсылыққызының саяси тәжірибесі аз, сайлаушылармен кездесулерде оның бағдарламасының жөн-жосығын түсіндіріп, мәдени-бұқаралық іс-шаралары үшін түсініктеме беруіме тура келеді.
Қарақатты өз командама шақырамын. Әйелдердің дауысы басым әрі анық шығуы үшін біз бірігуіміз керек.
Сайлаушылардың дауысын екіге бөлмей-ақ қояйық.
Қарақат Жақсылыққызы, сайлау науқанынан бас тартып, менің командама, штабыма қосылыңыз. Әйелдер мен отбасының мүддесін алға жылжытуға бірге күш салайық!
Оның үстіне, менің қарсыласым ұсынатын бастамалардың көбі менің сайлауалды бағдарламамның бір блогында ғана – «Халықты әлеуметтік қорғауда» қамтылған.
Дегенмен, мен сот-құқықтық реформаны, мемлекеттік институттарды демократияландыруды, азаматтық қоғамды дамыту үшін елеулі өзгерістерді де ұсынамын", – деді ол.
Ұзақ жылдар бойы әйелдердің құқығын қорғаумен айналысып жатқанын айтқан Салтанат Тұрсынбекова қазақ әйеліне, қазақ отбасына не керек екенін бес саусағындай білетінін айтады.
"Тағы да қайталап айтамын, Қарақат Жақсылыққызы, менің командама қосылыңыз, бірге жұмыс істеп, ұсыныстарыңызды сайлаушыларға жан-жақты жеткізуге уәде беремін", – деді.