Қарағандылық мұғалім ата-аналарды 70 миллион теңге қарызға батырған — ауыл халқы дабыл қақты

Қаракөз Амантай 17 июл. 2025 14:23

Қарағанды облысы Доскей ауылының тұрғындары бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Нәбиеваның әрекетінен зардап шеккендерін жеткізді. Айтуларынша, ұстаз ауыл тұрғындарынан қарызға ақша алып, олардың атына несие рәсімдеген. Қарыздың жалпы сомасы 70 миллион теңгеден асқан. Алайда Нәбиева бұл істе күдікті емес, жәбірленуші ретінде танылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазіргі таңда зардап шеккендер саны 15-ке жуық, бірақ шын мәнінде 40 адам болуы мүмкін. Бәріміздің басымызға түскен ауыр жағдай бір адамның сенімімізді пайдалануынан басталды. Бастауыш сынып мұғалімі, әрі ауыл мектебінің директорының қызы Нәбиева “отбасылық қиын жағдайға тап болдым” деген сылтаумен бір жыл бойы бізден ақша сұрап, атымызға несие рәсімдетіп отырды. Біз – қарапайым ауыл тұрғындарымыз, ал ол – балаларымыздың ұстазы. Сол себепті сеніп қалдық”, — дейді зардап шеккендердің бірі.

Арызданушылардың сөзінше, Нәбиеваның әкесі кейбірімен жанашырлық танытып сөйлессе, енді біреулерімен банкке барып, несие рәсімдеуге көмектескен көрінеді. Нәтижесінде жиналған қарыз көлемі ондаған, тіпті жүздеген миллион теңгеге жеткен. Нәбиева бұл қаражатты тұрғындарға қайтармаған.

“Біз полицияға арыз түсірдік. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Алайда бізге түсініксіз себептермен Нәбиева бұл істе күдікті емес, керісінше жәбірленуші ретінде танылды. Іс материалдарында барлық ақшаны Нәбиева өз жігітіне бергені көрсетіліпті. Ол жігіт букмекерлік кеңселерге ақша тігіп жүрген, қазір ол негізгі күдікті. Бірақ біз оны мүлде танымаймыз”, — дейді арызданушылар.

Ауыл тұрғындары Нәбиева біреулердің қорғауында болуы мүмкін деп күдіктенеді.

“Өйткені зардап шеккен біз болсақ, қалайша ол жәбірленуші болады? Апелляциялық сотта судьяның өзі істің шикі екенін айтып, тереңірек қарастыруды сұрады. Бірақ соған қарамастан, Нәбиеваның процесстегі мәртебесі әлі өзгерген жоқ”, — дейді жәбірленушілер.

Сөздерінше, олардың алаңдаушылығы арта түскен. Себебі жаңа оқу жылы басталуға жақын. Ал Нәбиева мектепке қайта оралып, балаларға сабақ бермек.

“Біз мұны әділетсіз деп санаймыз. Ол ештеңеге мұқтаж емес, өмірін уайымсыз жалғастырып жатыр. Ал біз ше? Біздің мойнымызда әлі де несие бар. Біреулерінің отбасы күйреп жатыр. Біреулер тіпті өз-өзіне қол салмақ болды”, — дейді олар.

Ауыл халқы Бұқар жырау аудандық прокуратурасына барып, шағымын жеткізген.

“Бізге “мәселе шешіледі” деп уәде берілді. Бірақ сенім жоқ. Сол себепті осы бейнеүндеуді жазып отырмыз. Біз әділдік талап етеміз! Нәбиева қалай жәбірленуші болмақ? Жәбірленуші – біз! Қарапайым, сенгіш халықтың сенімін таптап кетті. Ал ол еш өкініш білдірмей, еш жауапкершілік сезінбей, өмірін бұрынғыдай жалғастырып келеді.

Біз Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінен және Бас прокуратурасынан осы іске назар аударып, нағыз кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеміз”, — деді тұрғындар.


Рекомендовать
Последние новости