Ресей саяхатшылары Қазақстан полицейлерін "ақша бопсалады" деп айыптап, желіде үлкен мәселе көтерген. ҚР Ішкі істер министрлігі туристердің әлеуметтік желідегі айыптауларын бірден назарға алды. Көптің қызу талқысына түскен бұл видео бүгіндері шетелдік блогерлердің парақшасынан жойылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресейлік блогерлер Лера мен Вова бүкіл әлемді саяхаттап, қызықты контент таратады. Бірнеше күн бұрын олар Instagram-дағы өз парақшасында Лера Қазақстанда тас жол үстінде полицейлер өздерінің қалтасын қаға жаздағанын айтып, видео жариялады. Оның айтуынша, алдымен олардың достарының көлігін тоқтатқан. Сөйтіп оларды "түтікке үрлеуге" мәжбүр еткен, жүргізуші алкоголь тұтынбаса да құрылғыда 0,17 промилл деген цифр атып шыққан.
"Бірден жүргізуші куәлігінен айырмақ болды. Содан кейін, әрине, мәселе ақшаға да келіп жетті: 1,5 млн теңге...", - деді Лера.
Содан кейін сол тәртіп сақшылары блогерлерді тоқтатқан. Блогердің күйеуінен құжаттарын алып алған. Бірақ, Лера айтқандай, олар камераны алып, болып жатқан оқиғаны түсіре бастайды, ақырында туристерді өз жөніне жіберген.
"Қазақстан шынымен де тамаша мемлекет, бірақ шет елде өзінді ақша толы сөмке секілді сезіну жағымсыз екен", – дейді блогер. Айтқандай, қазір бұл жазба олардың парақшасынан жойылған.
Бүгін, ҚР ІІМ бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Аталған видео пайда бола салысымен ІІМ өкілдері жазба авторына хабарласты. Турист ведомство тарапынан ашықтық, қонақжайлылық және жедел әрекеттің болуына байланысты алғыс білдірді. Полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аумағында жоспарлы іс-шаралар шеңберінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты болды", - деп хабарлады ведомстводан.
Министрлік өз қызметкерлерінің кез-келген заңсыз әрекеттері қатаң және бірден ауыздақтылатынын нақтылады. Дегенмен министрлік блогерлердің 1,5 млн теңге бопсалау туралы мәлімдемесіне қатысты ештеңе айтпаған.