Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі балаға мерзімі өткен дәрі-дәрмек берілген. Препарат жергілікті амбулаториядан алынған, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Анасы бұл жайды баласының жағдайы күрт нашарлаған кезде ғана байқаған,
Алия Москаленконың ұлына 8 жаста, оған ми құрылымының органикалық зақымдануы және эпилепсия диагнозы қойылған. Күнделікті өмірдің қарапайым дағдыларының өзі балаға аса қиын. Бір жарым жыл бойы ремиссияда жүрген. Алайда мамыр айында ауыр ұстама қайталанып, баланың жеткен жетістіктері кейінге кетіп, жағдайы күрт нашарлаған. Сол кезде Алия жергілікті амбулаториядан алған эпилепсияға қарсы дәрінің жарамдылық мерзімі наурызда өтіп кеткенін байқайды. Ал дәрі мамырда берілген. Бұрын берілген дәрі де жарамсыз болып шыққан.
"Бұл өте өрескел заңбұзушылық деп есептеймін. Бұл – сотта қаралуы тиіс іс. Мен мұны жайына қалдырмаймын, өйткені біздің балаларымыздың қанша өмір сүретіні бір Аллаға ғана аян. Ал олардың өмірін әдейі улап, денсаулығына зиян келтіруге ешкімге рұқсат етпеймін", – деді Алия Москаленко.
Ауыл амбулаториясына қарайтын аудандық аурухана камера алдында пікір білдіруден бас тартты. Дәрігер препаратты 2024 жылғы 31 желтоқсанда тағайындағанын айтып отыр. Анасына бұл туралы 1414 қызметі арқылы да, медқызметкерлер телефон арқылы да хабарлаған. Алайда Алия бұған дейін берілген дәрі жеткілікті екенін айтқан көрінеді.