Қаңтар оқиғасы: Көктөбеде полицейлер мен ҰҚК атысқаны рас па?

Сағыныш Сардарова 31 янв. 2024 12:59 7403


Подполковник Ғалымжан Сәдуақасов қаралы Қаңтар кезінде Көктөбеде шекарашылар мен Ішкі істер министрлігі бөлімшелері арасында атыс болғанын айтқан еді. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы мәлімдемеге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.



"Қаңтар оқиғасы бойынша істі арнайы прокурорлар қарап жатыр, сондықтан оған қатысты пікір білдіруім дұрыс емес болар. Полиция да ұрлық секілді белгілі бір істерді тергеумен айналысты. Сондықтан бұл жерде кез келген мәлімдеме тексеріліп, тиіс бағасын алады", - дейді Сәденов Мәжіліс кулуарында.



Айта кетейік, бұған дейін подполковник Ғалымжан Сәдуақасов "Азаттық" радиосына берген сұхбатында 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Көктөбеде шекарашылар мен ішкі істер министрлігі бөлімшелері арасында атыс болғанын айтқан болатын.


Сәдуақасовтың сөзінше, 6 қаңтарда академияға офицерлер мен курсанттарды телемұнара орналасқан қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Көктөбе тауына жіберу туралы бұйрық түскен. Курсанттармен бірге подполковник те сол жерге барған.


Шекарашылар Көктөбеге лаңкестер емес, полицияның арнайы жасағы келгенін білмеген. Оларға ешкім ескертпеген. Шекарашылардың әскери көлігінің быт-шыты шыққан.


Топта одан бөлек тағы 13 адам болған.


"Азаттық радиосы" мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қанды оқиғалардан кейін "2022 жылы қаңтардың алғашы күндері "қылмыскерлер телерадиохабар тарататын Көктөбе мұнарасын басып алып, сол жерден хабар таратып, талаптарын айтпақ болды, бірақ шекарашылар шабуылды тойтарды" деп мәлімдеді.


Алайда Ғалымжан Сәдуақасовтың берген айғағы күш құрылымдары мүлде жұмыла әрекет етпегенін көрсетеді.


Белгілі болғандай, Сәдуақасов бұл сұхбатта қаңтарға қатысты жаңа деректердің бетін ашқан.


Шекарашылар мен полиция қызметкерлері арасындағы атыс туралы айтылған сұхбат көпті елең еткізген еді. Себебі, қаралым екі аптаның төңірегінде 1 млн-ды маңайлады.


«Наразылықтың алғашқы күндерінде басшылықтың, дәлірек айтқанда генерал-майор Серік Жазиннің бұйрығымен Көктөбе телемұнарасын қорғауға әріптестермен бірге атсалыстық. Стратегиялық нысанды қорғау барысында қақтығыс орын алып, арты атысқа ұласты. Кейін қарсыластардың лаңкес емес, полицияның арнайы жасағы екенін білдік...», - деген еді Сәдуақасов сұхбатта.


Мұнда тағы бір маңызды ақпараттың шеті шығады.



47 жастағы подполковник Қаңтарда шекара қызметі академиясына шабуыл сырттан жасалмағанына сенімді.



Ол бұл ұрыс Көктөбе телемұнарасындағы қақтығыспен қатар өрбігенін айтады.


«Қиян-кескі атыста адам шығыны орын алды. Бірақ, соңында курсанттар мен академия қызметкерлері дүрбелеңде бір-біріне оқ жаудырған болып шықты. Біз телемұнараға күндіз шықтық. Халықтың біразы біздің бара жатқанымызды көрді. Телеорталық директоры да қорғауға келгенімізді білетін. Біздің сонда екенімізден бәрі хабардар еді. Сонда ІІМ қызметкерлеріне шабуыл жаса деп бұйрық берген кім? Бұл әлде арандатушылық па? Не екенін түсінсем бұйырмасын?», - деген еді Сәдуақасов.


 



Рекомендовать
Последние новости