"Қандай пайдасын көрдік?". Журналист Қауіпсіздік кеңесін таратуды ұсынды

Dalanews 28 июл. 2020 08:11 941

Қазақстанда қауіпті COVID-19 індетінің өршуі оның алдын алуға қатысты шаралар дер кезінде қолға алынбағанын көрсетеді.




Біздің елімізде «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңы негізінде құрылған Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі деген орган бар. (Төрағасы өзін өзі сайлап алған Н.Назарбаев)

Қауіпсіздік кеңесінің ең басты міндеті "елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету" (2-бап, 1 тармақ) делінген. Ол елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты шараларды үйлестіруге, ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қатерлерін болжау, олардың алдын алу және оларды бейтараптандыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге міндетті. Осы заңға сәйкес қабылданған Қауіпсіздік Кеңесі туралы Ережеде де ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтіліп, негізгі міндеттері қатарында «ұлттық мүдделерді қорғаудың негізгі бағыттарын айқындау, ұлттық қауіпсіздікке төнетін ішкі және сыртқы қатерлерді анықтау, талдау, бағалау және болжамдау, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құралдары мен әдістерін таңдау» сияқты функциялар көрсетілген.


Ал ұлттық қауіпсіздік жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуден тұрады.

Сонда Қауіпсіздік кеңесі орасан адам құрбандықтарына соқтырған COVID-19 індетінің өршуін де, оның соқтырар ықтимал шығындарын болжай алмаған болып шықты.


Бұл індет 2020 жылғы қаңтар айынан әлемге қауіп төндіре бастады. Сонда Қауіпсіздік кеңесі тікелей міндеті екеніне қарамастан жеті айдан бері коронавирусқа қатысты ішкі және сыртқы жағдайды лайықты бағамдай алмады. ИВЛ аппараттарының, оттегі концентраторларының ықтимал тапшылығын есептеп, емдеу мекемелерін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар жасай алмады. Тіпті оған ешкім пысқырмаған.

Осындай бейғамдықтың салдарынан (Төрағасының өзі жұқтырып) Қазақстан коронавирус өршуі жағынан әлемде бірінші орынға шығып кетті.

Қазақстан халқының денсаулығы – ұлттық байлығы. Ең басты құндылығы да – адам. Ендеше жекелеген азаматтарының, бүкіл қоғамның, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған Қауіпсіздік Кеңесі өзінің мүлде тиімсіз әрі қажетсіз екендігін көрсетті.

Халыққа, қоғамға, мемлекетке ешқандай пайдасыз мұндай органның бюджет қаржысына ұсталып тұрылуы – қылмыс.


Сондықтан азаматтарының алдында жауапкершілігі, қоғам алдында қамқорлығы, әлем алдында абыройы қалмаған Қауіпсіздік Кеңесі таратылсын!


Марат Байділдәұлының жазбасы

Рекомендовать
Последние новости