Қалалық кәсіпкерлер бизнес үшін 6 пайызбен несие алады

Dalanews 03 авг. 2017 05:52 923

«Даму» Қоры екінші деңгейлі банктерге 4,6 млрд теңге салмақ. Бірінші транш ретіндегі бұл қаржы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында бөлініп отыр.

Қалалардағы шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруға арналған 1,043 млрд теңгені бірінші болып «Нұрбанк» АҚ алады. 2 тамыз күні  Даму» Қоры мен «Нұрбанк» АҚ арасында аталған келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ «Нұрбанк» «Даму Оптима» бағдарламасына да қатысады. Бұл бағдарлама бойынша екінші деңгейлі банк алдында кепілзаты жетпеген кәсіпкерлер «Даму» Қорының кепілдігін пайдаланып несие ала алады.

Жақын уақытта Қор екінші деңгейлі 5 банкпен 3,557 млрд теңгелік осындай келісімге қол қояды деп жоспарланған.

 

Несие аталған Бағдарлама аясында Қазақстанның қалаларында жүзеге асырылып жатқан немесе жүзеге асырылады деп жоспарланып отырған жобаларға беріледі.

Талаптары:

Мақсатты топ: жұмыссыздар (еңбекпен қамту мекемесіне тіркеуге тұрған-тұрмағанына қарамастан), кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі асыраушылар, несие алуға өтінім бергенге дейін ШОБ субъектісі ретінде тіркелген ауылшаруашылық кооператив пен оның мүшелері және микрокәсіпкерлік нысандары, ісін жаңа бастаған, бизнесі бар кәсіпкерлер.

Несиенің мөлшерлемесі – жылына 6%-дан аспайды;

Бір кәсіпкердің қолына – 8 000 (сегіз мың) АЕК көлеміне дейінгі қаржы тиеді. (республикалық бюджетте биылға белгіленген көрсеткіш бойынша);

Мақсаты мен мерзімі: инвестиция үшін 5  жылға дейін;  айналым қаражатын толықтыру үшін 3 жылға дейін;

Басымдық берілетін салалар - несие/микронесие салалық шектеусіз беріледі.

Дей тұрғанмен, несие/микронесиелер сауда-саттық мақсатындағы жобалардың айналым қаражатын толықтыруға берілмейді. Тек бұл салада ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер ғана қаржы ала алады.

Шектеулер мен  тиымдар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер несие/микронесиеге «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алғаннан кейін қол жеткізеді немесе Қордың басқа бағдарламалары бойынша соңғы екі жыл ішінде кәсіпкерлік негіздерін оқығаны жайлы сертификаты болуы керек.

Рекомендовать
Последние новости