"Путин саса бастады...". Беларусьтер Ресейден теріс айналуда

Dalanews 26 нояб. 2020 07:47 949

Лукашенконың легитимдігін мойындамаған Беларусь жұрты диктаторға жақтасып отырған Ресейден теріс айналуда деп хабарлайды Dalanews.kz Беларусь сараптама шеберханасына (БАШ) сілтеп.

Айталық қараша айында Ресеймен одақтасуды қолдайтын беларусьтер саны қыркүйек айымен салыстырғанда бақандай 11 пайызға азайған.

БАШ басшысы Андрей Вардомацкийдің пікірінше бұлай кете берсе халықтың сана-сезімінде дүмпу туып, бірте-бірте Кремльге қарсылық атты жаңа тренд қалыптасуы мүмкін.


«Нақтырақ айтқанда Кремльдің осы күнге дейінгі әрекетіне әділ баға беретін аудитория қалыптасып, Ресеймен арадағы байланысқа сына қағылуы ықтимал. Геосаяси ахуал шиыршық атып, бір кезгі одақтастар бет жыртысып жатса таңғалмаңыз», – дейді ол.

Вардомацкий бастамасымен жүргізілген әлеуметтік сауалнама кездейсоқ абоненттерге телефон шалу негізінде жүзеге асыпты.

5-8 қараша аралығында телефон тұтқасында отырған БАШ мамандары мың жарым адамға хабарласып, көпшіліктің Ресейге, Кремльге, Путинге қатысты көзқарасын білген.

Вардомацкийдің айтуынша сауалнамаға қатысқан қауымға: «Беларусь халқы кіммен одақтасқаны жөн? Еуроодаққа ұмтыламыз ба, әлде Ресеймен қол ұстасқан жөн бе? Қай одаққа қосылсақ ұтамыз? Қай одаққа кірсек көсегеміз көгереді?» деп сауал қойған.

«Айналасы екі айдың ішінде халықтың көңіл-күйі күрт өзгеріп, Ресейге бүйрегі бұрмайтын аудиторияның артып жатқанына көзіміз жетті. Лукашенкодан теріс айналған беларусьтер Путиннен де түңіліп отыр. Бауырлас деген аты бар, заты жоқ одақтасы мұншалықты безбүйрек болар деп күткен жоқ », – дейді БАШ мамандары.


Осыған ұқсас зерттеуді орталық сарапшылары осы жылдың қыркүйек айында өткізген. Ол тұста Ресеймен одақтасуды құптайтын қауымның үлесі 51,6 пайызды құрапты.

Қарашадағы сауалнамада бұл көрсеткіш 11,6 пайызға азайып, пікір білдірген көпшіліктің 40 пайызы ғана осы ұсынысты қолдаған.

Орталық сарапшыларының пікірінше Ресеймен одақ құруды қолдайтындардың айтарлықтай азаюы, Кремль саясатына берілген баға.

Беларусь қоғамында «батысшыл» көзқарастағы аудитория қалыптасып, күш ала бастағанының көрінісі.

Бүған дәлел қыркүйектегі сауалнамамен салыстырғанда (26,7 пайыз), осы жолы беларусьтердің 33 пайызы Еуроодақпен етене әріптесуге кет әрі еместігін айтқан. 

Вардомацкийдің пікірінше сауалнама нәтижесіне атүсті қарауға болмайды. Беларусь қоғамындағы тектоникалық өзгерістер, геосаяси ахуалға да әсерін тигізеді. Ресейден күдер үзген көпшілік бірте-бірте Батысқа қарай ойысса, Кремль жар дегендегі жалғыз одақтасынан айырылады.

«Қоғамда «ресейшіл» күштердің үстемдігі бәсеңдеу үстінде. «Батысшыл» көзқарастағы көпшіліктің үлес салмағы артуда. Дәл осы ахуал 2004 жылы Еуродақ құлашын шығысқа қарай жая бастаған шақта байқалған. Беларусьтер, оның ішінде жастардың Батысқа аңсары ауып, Батыстың құндылықтары өрлеген тұс еді.


Алайда бұдан кейінгі жағдай күрт өзгерді де, «ресейшіл» ұстанымдағы қауымның мысы басып кетті. Осы күнге дейінгі сауалнамаларда Ресеймен одақтасуды құптайтындардың саны 60 пайыздан төмен түсіп көрген жоқ-тын», – дейді әлеуметтанушы.

Оның пікірінше әзір елдегі «ресейшіл» аудитория қоғамда Ресейге қарсы жаңа тренд белең ала ма деп қауіптеніп отыр. Лукашенкоға наразылықтың соңы Ресейге, Путинге қарсы лозунгтерге ұласа ма деп алаңдайды.

Тамыздан бері толастамай жатқан наразылықтың «күн тәртібі» жаңа тақырыппен толықса, тиісінше бұған геосаясат киліксе беларусь қоғамының кілт құбылуы ғажап емес.

«Осы күнге дейін мұның нышанын байқаған жоқпын. Ереуілге шыққан ел негізінен Лукашенкоға наразы екенін айтты. Биліктің індет кезіндегі салақтығын, сайлау кезіндегі сорақылықты, бейбіт тұрғындарды көк ала қойдай етіп сабаған жүйенің жауыздығын сөз етті.

Алаңдағы елдің аузынан «Ресейден іргені аулақ салып, Батыспен бірігеміз» дегенді естіген емеспіз. Әйткенмен қоғамның құбылуы әп-сәтте, бұдан кейінгі ритотика өзгеруі мүмкін», – дейді ол.

Вардомацкий осы арада Беларусь наразылығы мен Украинадағы майданды салыстырған екен. Оның пікірінше Майданның өне-бойынан Ресейге қарсылықтың лебі есіп тұрған.

Беларусьтегі ереуілдерде геосаяси нышанның белгісі әзір байқала қойған жоқ.

«Әйткенмен алаңдағы жұрттың қас-қабағынан Ресейге деген өкпе-ренішті де аңдауға болады. Бұл туралы ашық айтатын аудитория қалыптасып, ауқымы кеңейге уақытта Путин бармағын тістейді. Лукашенкоға қарсылықтың ақыры Ресейге қарсылыққа ұласып кетпеуін тілесін», – дейді сарапшы.


Беларусь қоғамының Ресейден теріс айналуы дәл қазіргі уақытқа дөп келуі де тегін емес.  

Вардомацкийдің пайымдауынша Лукашенкодан түңілген жұрт оған иығын тосып отырған Мәскеуді бұрынғыдан жақын тани түсті. Кремль Лукашенконы қолдауды тез арада доғармаса, ертең күллі елді өзіне қарсы қояды. Беларусь майданының көкесі сонда болады.

«Осы күнге дейін Кремльге кір жұқтырмай келген кейбір сарапшылардың аузына құм құйылды. Қазір олар үнсіз. Айтар аргументі жоқ. Мәскеудің сұғанат саясаты осы жолы олардың өзін орға жығу мүмкін», – дейді әлеуметтанушы.

Беларусьтегі наразалық геосаяси мәселемен астарласса Мәскеу шын сасатын болады. Путин мұндай сценарийдің расқа айналарына сенгісі келмейді екен.

«Сенсе де, сенбесе де өз еркі. Бұл біздің тараптан жасалған құлаққағыс деп түсінсін. Геосаяси мәселе ереуілдегі елдің аузына іліккен күні екі елдің арасы алшақтай бастайды. Мәскеу мұндай сценарийге, мұндай ауқымдағы трагедияға мүлдем дайын емес», – дейді сарапшы.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости