Путин? Қытай Еуразиялық одақтың түбіне жетеді

Dalanews 14 мая 2018 05:16 764

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Қытай Ресеймен «ойнап» отыр. Уақыты келгенде Кремльді Орта Азиядан ығыстырып шығады Қытай билігі. 

Бұл туралы DalaNews.kz хабарлайды. 

«Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» қайырымдылық мақсатта құрылған десеңіз, қателесесіз. Бұл – өзегінде бүтін бір мемлекеттің мүддесі жатқан жойқын жоба.

Көр де тұрыңыз, алдағы екі ғасыр бойына Қытай бұл бағдарламаға барынша басымдық береді. Мұның екі саяси сипаты бар», – дейді Сәтпаев.

Болжам


2021 жылы Қытай компартиясының құрылғанына 100 жыл толмақ. Сәтпаевтың пікірінше, Қытай билігі бұған дейін елдегі орта таптың саны мен сапасы артады, үлкен күшке айналады деп үміттеніп отыр.

Бұл – бірінші жүзжылдықтың межесі.
«Екінші жүзжылдықта – 2049 жылы Қытай Халық Республикасының құрылғанына 100 жыл толады.  

Міне, осы кезде Қытай өзін жаһандық экономикалық супердержава ретінде мәлімдемек. Бұл уақытқа дейін Қытай Ресейді Орта Азиядан біржолата тықсырып, ығыстырып шығады.

Орта Азия елдері экономикалық тұрғыдан аспан асты елімен әріптесуді хош көріп, Ресейден іргесін аулақ сала бастайды.

Болжауымша, санкциялық және сауда соғысы Кремльді титықтатып тынбақ ақыр аяғында. Ресейдің өзі де әріптес ретінде Қытайды қызықтырудан қалады», – дейді Досым Сәтпаев.
Қытай мұнымен тоқтап қалмайды. Келесі кезекте Еуразиялық экономикалық одаққа ауыз салады көрші ел.

«Жұтып құяды бұл одақты. Жұтып қойғанын аңғармайды да. Одақты әлдеқандай қылатындар үшін салыстырайықшы: Еуразиялық одақтың негізгі қаржылық құрылымы саналатын Еуразиялық банктің жарғылық капиталы 10 млрд  доллардың ар жақ, бер жағында. Ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялық банкінің жарғылық капиталы 100 млрд  доллардан асып жығылады», – дейді Сәтпаев.

Айтуынша, Орта Азиядағы бес мемлекеттің барлығы сөз жүзінде Мәскеумен арадағы достық пен әріптестіктің сақталуын қалағанымен, іс жүзінде алыстан араласқанды жөн көреді. 

«Түрікменстан мен Тәжікстанның Ресеймен арадағы қарым-қатынасы тіпті салқын. Жалпы, біздің аймақ үшін кредиті мен инвестициясы жағынан Қытай әлдеқайда тартымды», – дейді ол.

 

Неге?


Сәтпаевтың айтуына қарағанда, «Жібек жолы экономикалық белдеуі» пайда болмай тұра Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымын болашақ экономикалық жоба ретінде қарастырған. Қытай қашанда екі мәселеге назар аударған. Бірі – экономика, енді бірі – қауіпсіздік.

Дәл қазір ШЫҰ «Жібек жолы» жобасы аясындағы экономикалық мақсат-мұратты жүзеге асыруда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бағдарламаға айналды.

Ал ШЫҰ-ға Орта Азия елдерінің дерлігі мүше.

«Бейжің Орта Азиядағы ахуалдың барынша тұрақты болғанын қалайды. Асқынып кеткенінен қауіптенеді. Себебі бізде бүлік шықса, шалығы Шыңжаң-Ұйғыр автономиясын да шарпып кетуі мүмкін. Бұл аймақта оңтайлы сәтті күтіп, алақанын ысқылап отырған Қытаймен қырғи-қабақ топтар бар», – дейді Сәтпаев.

 

Нені көздейді? 


Саясаттанушының пайымдауынша, Қытай экономикасының әуел бастағы бағыты – мұнай-газ саласы. Бұл тұрғыда Қытайдың 2020 жылға дейінгі Энергетиканы дамыту бағдарламасына назар аударған жөн.
«Неге? – дейді Сәтпаев. Себебі бағдарламаның негізгі бағыттары мұнай-газ саласына қатысты. Оның ішінде жаңа мұнай көздерін табу, мұнай қорын көбейту, мұнай тасымалдаудың баламалы көздерін іздестіру.

Мұнай-газ саласында Қытай Орта Азияның үш мемлекеті – Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен тығыз әріптестік орнатқан. Бірақ, бәрібір де бұл бағыттағы Қытайдың негізгі стратегиялық әріптесі Қазақстан болып қала бермек. Бұған Қытай ғана емес, біз де мүдделіміз» , – дейді ол.  

Иә, біз де мүдделіміз. Сәтпаев солай деп пайымдайды. Қытай нарығына мұнай мен газ жеткізетін ірі тасымалдаушыға айналуды көздейді біздің ел. 

2015 жылы Қазақстан мұнайының 80 пайызы Италия, Франция, Голландия, Швейцария және Испанияға экспортталған. Мұнайдың 70 пайызы Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы жөнелтіліпті. КТК күні кеше модернизациядан өтті. Бұл өз кезегінде қазақ мұнайының тасымалын жылына 52 млн-нан 67 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.

Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстан мұнайы әлі біразға дейін КТК арқылы жеткізіледі. Біздегі мұнайдың 25 пайызын Қытай компаниялары игеріп отыр екен.
Ал Ресей үшін өз мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау аса өзекті мәселе. «Роснефть» Қытайға тасымалданатын мұнай көлемін жылына 13-18 млн-нан 30 млн-ға дейін арттыратынын айтқан.  

«Қытай Жібек жолы жобасынан үмітті. Бірқатар аудиторлық компаниялар жобаның қаншалықты жемісті боларына зерттеу жүргізген-тұғын. Олардың болжамынша бұл жобаға қатысы бар елдердің екінші тынысы ашылады. Инвестиция судай ағылады бұл елдерге.

Қытай қаржы аяп отырған жоқ. Жібек жолы аясындағы инфрақұрылымдарға  50 млрд доллар бөлмек. Мұның белгілі бөлігі темір жол мен көлік жолдарына бағытталары түсінікті.

Қазақстан теміржолының дерегінше, 2011 жылы Қазақстан арқылы Еуропаға мыңға жақын контейнер өткен, ал 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 млн контейнерге жетпек», – дейді Сәтпаев.

Дайындаған Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости