Путин нені мойындады?

Dalanews 01 мар. 2017 12:26 858

Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің допингке қарсы жүйесінің сәтсіздікке ұшырағанын мойындады.


Красноярскіде 2019 жылы өтетін Универсиадаға дайындыққа арналған жиында сөйлеген Путин Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) мәлімдемесі мен канадалық профессор Ричард Маклареннің тәуелсіз комиссиясының есебіне олардың "жұмыстарында жаңсақтық жібергеніне" қарамастан құлақ асуға шақырды.


"Бұл - біздің кінәміз" деген Путин Ресей спортында "допинг қолданудың айқын расталған оқиғалары" барын айтып, оларды мойындауға және кінәлілерді анықтап, тексеру жүргізуге шақырды.


Макларен есебінің екінші бөлімі 2016 жылы 9 желтоқсанда жарияланған. Онда 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиадада мыңға тарта ресейлік спортшының допиг сынағында қитұрқылық жасағаны айтылады. Есепте бұдан өзге, Мәскеудің допингке қарсы зертханасының қызметкерлері допинг бары анықталған сынамаларды жасырды деп айыпталған.


Бұдан соң Ресей 2017 жылы бобслей мен скелетоннан әлем біріншілігін өткізу құқығынан айырылды. Ал Ресей биатлоншылар одағы осы маусымда Түменде әлем кубогының кезеңін өткізбеуге шешім қабылдады. Кейін WADA баяндамадағы айғақтың жеткіліксіз болғанын мойындаған.


Макларен баяндамасының алғашқы бөлімі шыққан соң Халықаралық олимпиада комитеті ресейлік 100 шақты спортшыны Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан шеттеткен. Ресей құрамасы сонымен бірге Паралимпиада ойындарына да қатыстырылған жоқ.


Дереккөз: Азаттық 


Рекомендовать
Последние новости