Президент Мұз сарайында жас спортшылармен кездесіп, олардың патроиоттық сезімін оятты

Жарбол Кентұлы 27 сент. 2024 18:51 1807

Мемлекет басщысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында заманауи үлгіде жабдықталған Мұз сарайын аралап, онда спортпен шұғылданып жатқан жас өрендермен кездесіп, олардың отаншылдық сезімін оятып, ақ тілегін арнады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұз сарайы кешенінде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған.

Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті.

Президент отандық спортшыларды әрдайым қолдайтынын, жетістіктерін бақылап отыратынын айтып, оларға сәттілік тіледі. Жергілікті «Turan Tigers» хоккей клубының спортшылары Мемлекет басшысына команданың жейдесін сыйға тартты.

Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай облыс орталығында «Түркістан-арена» стадионы, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, «Тұран» футбол академиясының ғимараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 теннис корты салынып, жалпы ұзындығы 51 шақырым веложол төселген.


Рекомендовать
Последние новости