Полиция қызылордалық қоғам белсендісі неге ұсталғанын түсіндірді

Сағыныш Сардарова 11 мар. 2024 09:14 15335

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының экс-әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға "ханның қызы" деген тұрғын жақын күндері ұсталған еді. Қызылорда облыстық Полиция департаменті өкілдері жағдайды түсіндірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полиция мәліметінше, азаматтар белсендінің үстінен шағым түсірген.

"28 ақпан және 6 наурыз күндері Қызылорда облысының полиция департаментіне облыстың екі тұрғыны жүгінді. Олар осы азаматшаны қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде арызданған. Тұрлыбекова бопсалау арқылы және ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша талап еткен. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тұрлыбекова ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. Бұдан бөлек тағы бірнеше бопсалау фактілері анықталды.

Процеске қатысушылардың жауабын бұрмалауға ықпал етіп, тергеудің жан-жақты жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты тергеу соты оны күзетпен ұстау шарасын санкциялады. Ұстау заң шеңберінде жүргізілді. Арнайы құралдар мен жауынгерлік әдістер қолданылған жоқ. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - деп жазды Жаңақорған аудандық полиция бөлімі өкілдері egemen.kz-ке.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде белсенді ұсталған сәт көрінетін сурет тарап кетті. Желі қолданушысының бұл жазбасына қалалық Полиция департаменті өкілдері пікір білдірді.  

"Бұл дерек бойынша Қызылорда облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеп-тексеру әрекеттерін жүргізіп жатыр. Өзге де ақпараттар тергеу құпиялығына байланысты жария етілмейді", - деп жазылған жауапта. 

Осы жайтқа қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлы да үн қатты. Оның сөзінше, өңір тұрғыны Сандуғаш Тұрлыбекова - бес бала өсіріп отырған жалғызбасты ана.
 
"Сандуғаш Тұрлыбекованы не үшін ұстаған? Жаңа кеш арасында үйіне полиция келіп тұрғанын тікелей эфирге шығарып еді. Біздің Сандуғаш Жаңақорған қаласындағы көп балалы аналардың админі болған. Мына тұрысына қарағанда оның үстінен қылмыстық іс қозғалған сияқты.
Сандуғаш - бес баласы бар жалғыз ілікті ана. Енді өз наразылығын әлеуметтік желіге шығарғаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарта береді ме? Алаяқтарды неге осылай ұстамайды екен?" - деп жазды ол.

Бірнеше лауазымды қызмет атқарған Гүлшара Әбдіқалықова 2022 жылғы 6 маусымынан бастап "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі бизнес-серіктесі қызметіне кіріскен. 

Ал ұсталды деген әйелге қатысты оқиға осыдан шамамен 4 жыл бұрын болды. Сол кезде Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әбдіхалықова Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған еді. Полицейлер әкім келеді деп жолды жауып, басқа көліктерді жүргізбей қойған.

Бұл жағдайға ашуланған қызылордалық тұрғын аудан аралап жүрген өңір басшысына барып "Жолды жабатын ханның қызысыз ба?" деп шүйлікті.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости